Жергілікті өлкетанушы, тарихшы Момбек Әбдіәкімнің айтуынша, «Шымкент» кейбіреулер айтқандай парсы сөзі емес.
– Біздің өлкеміздегі кейбір қалалар мен өзен-су атауларының шығу тегі және сол атаулардың этимологиясын нақтылауда зерттеушілер осы күнге дейін бір тұжырымға келе алмай жүр. Бұл мәселе – Шымкент атауына да қатысты. Мысалы, Бартольд, Радлов, Савин, Розов сынды атақты орыс ғалымдары Шымкент атауын соғды тіліндегі «шим», «шимин» «шемен», яғни «көк жайлау», «жасыл алқап» дегенді сипаттайтын сөзге – парсының қала ұғымын білдіретін «кент» сөзі жалғау арқылы түсіндіреді. Егер осы тұжырымға нансақ, Шымкент атауы – жасыл алқапта пайда болған қала дегенді білдіреді екен. Кейінгі зерттеушілердің барлығы да осы пікірді қуаттайды. Бірақ былай қарасаң, Оңтүстікте жасыл алқапта пайда болған қала бір ғана Шымкент емес қой. Негізінде, Шымкент атауы – «шым» деген сөзге байланысты шыққанына ешкімнің шүбәсі болмауы керек. «Шым» – ата-бабамыздың төл сөзі. Анықтап айтқанда, «шым» – кәдімгі өзен жағасындағы саздан ойылып бетінде көгалы немесе майда өскін шөбі бар ылғалды лай басқан топырақ кесіндісі. Ертеректе осы жердің тұрғындары Қошқарата жағасындағы ылғалды саздан шым ойып алып, үй тұрғызған. Уақыт өте келе, үйлер көбейіп, бұл жер үлкен қонысқа айналған. «Шым» атауына қала ұғымын білдіретін «кент» сөзі жалғанып, «Шымкент» атанған. «Кент» сөзі де парсылардан алынбаған. Ол да бүгінде архаизмге айналған, көне түркі сөзі. Мұны көне түркі тілінің мамандары да мақұлдайды. Айталық, Қазақстан аумағында орта ғасырда атауының екінші буыны «кент» болып келетін қаншама қалалар болған. Олардың атауларының бәрін парсылар қойған жоқ шығар?! «Кент» парсы сөзі болса, бүгінгі парсылар жайлаған елдерде ертеде түркілер тұрған Пенжикенттен басқа соңғы буыны «кентпен» бітетін қала, қоныс атаулары неге жоқ?-дейді өлкетанушы ғалым.