Шымкенттің 2200 жылдан астам тарихының бары ешқандай талас тудырмайды.
-Қазақстан жеріндегі көне қалалардың дерлігі Оңтүстікте өлкесіндегі болған. Мәселен, біздің эрамыздың басында, тіпті одан бұрынғы замандарда іргелері қаланған Түркістан, Отырар, Сығанақ, Сауран, Испиджап, тағы солар сияқты кезінде аттары шығып, даңқтары алысқа кеткен шаһарлардың барлығы – біз атаған оңтүстік өлкесінде орналасқан. Ал оңтүстік өлкесінің нақ кіндігі саналатын – Шымкент те осындай көне қалалардың қатарына жатады,-дейдәі жергнілікті тарихшы, өлкетанушы Момбек Әбдіәкімұлы.
-Тарихи әдебиетте Шымкент атауы Шарафаддин Йаздидің Ақсақ Темірдің жорықтары жайында жазған «Зафар-наме» атты еңбегінде кездеседі. Оның жазуынша, 1365-66 жылдары Ақсақ Темір Моғолстанға бара жатқан жорығында Шымкентте біраз күн аялдайды. Міне, осы жазба орта ғасырдағы Шымкент туралы жазылған алғашқы мәлімет болып есептеледі. Алайда, әлдебір қаланың қалыптасу уақытын тек тарихи жазбалармен ғана шектеп қоюға болмайтыны белгілі. Ғылым кез келген қала мен қоныстың пайда болуын археологиялық қазбалар арқылы анықтайды. Нақты деректерге жүгінсек, Шымкент қаласында алғашқы археологиялық жұмысты 1888 жылы Н. Остроумов деген ғалым жүргізген. Ол сонда бұл жерден VIII-Х ғасырларға жататын бұйымдарды тапқан. Сөйтіп, Шымкенттің Шарафиддин Йазди жазған уақыттан көп жыл бұрын пайда болғаны анықталған. Одан кейін өткен ғасырдың басында қаладағы ескі қамалдың түбін қазған археолог ғалымдар зороастралық дәстүрмен жерленген бір әйел мен еркектің мәйітін тапқан. Олардың 1500 жыл бұрын өмір сүрген адамдар екені анықталған,-дейді ғалым.
Ал 2003 жылы «Шымкенттің ортағасырлық кезеңін археологиялық қазбалар бойынша зерттеу» деген атпен жүргізілген кең көлемдегі қазба жұмыстары кезінде табылған көне жәдігерлер бұл қаланың өте ескі шаһар екенін айқындап берді. Сол кезде біздің заманымыздан бұрынғы II ғасыр мен заманымыздың II-III ғасырларына тиесілі аса құнды жәдігерлер табылды. Мұндай жәдігерлердің соғды мәдениетіне тән екені белгілі болды. Зерттеушілер табылған көне заттарға қарап, көне Шымкенттің тұрғындары сол уақыттағы Самарқан жұртымен тығыз байланыста болған деп нақты байлам жасады.