Шымкент қаласының аумағында ежелгі сақ-үйсін дәуірінен қалған көптеген тарихи орындар бар. Мұндай пікірді белгілі тарихшы, өлкентанушы Момбек Әбдіәкімұлы білдірді.
– Ғалымдар әлі күнге дейін Қазақстан аумағындағы тау-жоталардың етектерінде және өзен-сулардың жағасында жиі кездесетін жасанды төбелерге жіті көңіл аудармай жүр. Негізінде, қазақ даласындағы мұндай жасанды төбелер екі топқа бөлінеді. Бірі тобы – жазық жерлерде белгілі бір тәртіппен тұрғызылған қарауыл төбелер, екіншілері – тау-жота етектері мен өзен-су жағасында салынған төрткүл немесе төбесі үшкіл дөңгелек төбелер. Алыстан келе жатқан жауды қарап отыру үшін салынған қарауыл төбелердің қай заманда, қандай хандық пен мемлекеттің тұсында салынғаны көбіне белгісіз, ал екінші топқа жататын төбелер біздің заманымыздан бұрын әлденеше ғасыр бұрын өмір сүрген сақ, үйсін, қаңлы дәуірінде тұрғызылған. Мәселен, мұндай төбелерді шығыста «Сақ обалары» немесе «Сақ қорғандары» дейді. Жетісуда «Сақ-Үйсін төбе» дейді. Оңтүстік пен Ташкент төңірегінде «Қаңлы-Үйсін обалары» делінеді. Мұндай төбелерді өлкемізде осыдан бірнеше мың жыл бұрын жайлаған Сақ, Үйсін тайпалары тұрғызған. Әр тайпаның көсемі мен ықпалды адамдары өздері отырған аумақтағы жанға жайлы, желден ық немесе ыстықта салқын болып келетін өзен-су жағаларына биік төбелер тұрғызып, сонда отбасымен тұрған, керек кезде жиын өткізіп ел мәселесін шешкен. Былайша айтқанда, ондай төбелер ру-тайпа билеушілерінің резиденциясы қызметін атқарған. Қазіргі Шымкенттің орнында мұндай төбелер өте көп. Мысалы Дулати көшесінің басында, Қапал батыр көшесінің бойында, ескі Фосфор зауытының жолында олар әлі сақталып тұр. Қарасу өзенінің қазіргі Жанкелдин көшесін кесіп өтетін тұсындағы биік төбе 1960 жылдардың ортасына дейін тұрған. Кейін сол жерге үйлер тұрғызылған кезде сырылып тасталған. Бұрынғы пресс автоматтары зауытының маңында да үлкен төбе болған. Ол 1941 жылы осында Воронежден көшіріліп әкелінген жаңағы зауыт салынғанда тегістеліп кеткен. Көнекөздердің айтуынша, сол кезде әлгі төбені бұзып жатқан бульдозерші алтын тауып алыпты. Бұл алтын осында пәлен мың жыл бұрын жерленген тайпа көсеміне тиесілі болса керек... Міне, аралары өте жақын орналасқан осынау сақ-үйсін төбелерінің нақ Шымкент жерінде болғаны да – бұл қаланың өте көне қоныс екенін айқындайды,-дейді ғалым.