-Оңтүстікте біздің заманымыздан бұрынғы бірнеше ғасыр бұрын пайда болған қалалардың көпшілігі ХVII-ХVIII ғасырларға дейін жеткен жоқ,-дейді белгіліә ғалым, өлкетанушы Момбек Әбдіәкімұлы.
Оның айтуынша, әр түрлі тарихи оқиғаларға байланысты олардың көпшілігінің жермен-жексен болып кеткені былай тұрсын, кейбірінің аттары да жұрт есінде қалмады.
-Дегенмен, ғалымдардың дәлелдеуінше, орта ғасыр кезеңінде бір ғана Оңтүстік өлкесінде 25 өркениетті қала болыпты. Солардың қазіргі күндері қоныстары мен аттары сақталып, заманға орайғы қалаға айналып отырғандары онша көп емес. Оған керісінше, қазақ жеріндегі ортағасырлық атақты шаһарлардың басым бөлігінің бүгінде тек қалдықтары ғана жатыр. Археология ғылымы да көбіне жер бетінде сақталып қалмаған қалаларды зерттеуге ден қояды. Өйткені бүгінде көне аттары сақталып, заманға орайғы жаңарған шаһарларға айналған қалалардан гөрі жер бетінен жойылып кеткен кейбір қалалардың тарих үшін маңызы артығырақ. Әлбетте, Шымкент көне заманда Отырар, Сайрам, Сауран секілді даңқты қала болмағаны анық. Десек те, бір кездері шығыс пен батысты жалғаған Ұлы Жібек жолының керуендері аялдайтын қоныс болған. Солай десек те, оның замандар безбенінде қандай қала болғанын нақты анықтау үшін қазір кең көлемде архологиялық жұмыстар жүргізуге мүмкіндік жоқ. Себебі, ескі қаланың орнына қазір жаңа құрылыстар түсіп кеткен. Сол құрылыстардың астында қаншама тарихи сырлар жатыр, бірақ қазуға мүмкіндік жоқ,-дейді ғалым.