- Шымкент маңын ертеден-ақ қазақ жұртының арғы аталары – сақтар, үйсіндер, қаңлылар жайлады. Одан кейін ақ ғұндардың бір сілемі – эфталиттердің, сондай-ақ 552 жылы құрылған Түркі қағанатына қараған тайпалардың мекеніне айналды. Бұдан соң Түргеш, Қарлұқ, Қараған қағанаттарының басыбайлы ордасы болды,-дейді Шымкенттің тарихын терең зерттеген тарихшы, өлкетанушы Момбек Әбдіәкімұлы.
Ең маңыздысы, Ислам діні де қазақ жеріне осы Шымкент пен Сайрам жері арқылы тарады.
-Шымкент ХI-ХII ғасырларда Батыс Лиау патшалығы мен Хорезм билеушілерінің қоластына өтті. ХIII ғасырдың басында басталған Шыңғысханның қанқұйлы соғыстарының басым бөлігі де, одан кейінгі Ақсақ Темірдің алапат жорықтарының көбісі де осы қаланың маңында өтті. Иә, біз Шымкент дегенде, қашанда Оңтүстік атауын қоса ауызға аламыз. Бұл екі атау Қазақстан жағрапиясында егіз ұғым секілді болып кеткен. Ал енді осы Оңтүстік жері Қазақ хандығы құрылған тұста күллі Алаш жұрты үшін қандай маңызды рөл атқарды деңіз. Бір талассыз ақиқат – Қазақ хандығы орнаған уақыттан бастап, ұлысымыздың ордасының іргеленуі мен кеңеюі және түбі мен тегі тамырлас алаштық тайпалардың бір тудың астына бірігіп, жеке ел болу жолындағы тұңғыш күрестері, елдік мүдде тұрғысында жасаған алғашқы қадамдары, жиып айтқанда, бабаларымыздың Қазақ елі болып ұйымдасу мұратындағы барлық әрекеттері – осы Оңтүстіктен, нақтысы, Шымкент өңірінен бастау алған. Өйткені қазақ хандығы шартты түрде Оңтүстікке жататын әрі Шымкенттен қашық емес, Шу бойында құрылды. Қазақтың алғашқы хандары Керей мен Жәнібектен бастап, кейінгі Бұрындық, Тоғым, Бұйдаш, Қасым, Тәуекел, Хақназар, Есім хандардың барлығы – тегі қазақ тайпаларды бір ордаға ұйыстыру жолындағы күрестерінің дерлігін Оңтүстік жерінде өткізген. Себебі Қазақ хандығы құрылған кезде бізге ең көп дұшпандық жасаған Моғолстан мен Бұқар хандықтары болды. Жоғарыда аталған қазақ хандары аталмыш хандықтармен неше жыл бойы арпалысып өтті. Міне, осы арпалыстардың бәрінен Шымкент пен оның жұрты шет қалған жоқ,-дейді ғалым.