Жыл соңына дейін Шымкенттегі 6 театрда 389 қойылым қою жоспарланып отыр. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлің коммуникациялар орталығында мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқарамасының мәдениет және тарихи-мәдени мұраны сақтау бөлімінің басшысы Орынтаев Бауыржан Орынбасарұлы мен Шымқаланың алты театрының басшыларының өткізген брифингінде айтылды.
Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында Республика күніне орай, Д. Рамазанның «Абылайханның арманы» тарихи драмасы, М.Байғұттың «Жоғалған жұрнақ» драмасы, Өзбек драма театрында Ж.Сайитовтың «Тапқыр қозы» ертегісі, С. Ахмадтың сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арналған «Ақша» премьерасы, Қуыршақ және жасөспірімдер театрында Ә.Файзуллаұлының «Үй таңдаған лақ» ертегісі, О.Бөкейдің «Құлыным менің» психологиялық драмасы, Е.Локшинаның «Винни Пух» ертегісі, орыс драма театрында Николай Шуваловтың «Три весёлых гнома» ертегісі, Дэйв Фримэннің «Люкс для иностранцев» комедиясы тағы басқа қойылымдар көрермен назарына ұсынылатын болады.
26 тамыз күні Шымкент қалалық опера және балет театры Т. Жармұхамбеттің «Домалақ ана» операсымен 16 театр маусымын ашса, 1 қыркүйек күні А.Пушкиннің «Пиковая Дама» драмасымен Шымкент қалалық орыс драма театрының 94 театр маусымы, ал, 4 қыркүйек күні А. Маудановтың «Кейкінің кегі» драмасымен Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының 40 театр маусымы ашылды.
7 қыркүйек күні М. Әуезовтың «Қарагөз» трагедиясымен Шымкент қалалық Жұмат Шанин атындағы қазақ академиялық драма театры мерейлі 90 маусымын ашады, 14 қыркүйек күні Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының 16 маусым ашары С. Ваннустың «Сұлтанның аты Сұлтан» трагикомедиясымен, 28 қыркүйек күні Шымкент қалалық өзбек драма театрының 21 театр маусымының ашылуы Жоэль Помраның «Сәби» драмасымен өтетін болады.
2023 жылдың жоспарына сәйкес, 6 театрдың жаңа қойылымдары үшін бюджеттен жалпы 55 995 мың теңге бөлінсе, бүгінде оның 50 043 мың теңгесі игеріліп, жаңа қойылымдар театр көрермендеріне ұсынылуда.