1934 жылы алғаш шымылдығы түрілген Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры алдағы 7, 8 қыркүйек күндері мерейлі 90-шы маусымын ашқалы отыр. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлің коммуникациялар орталығында мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқарамасының мәдениет және тарихи-мәдени мұраны сақтау бөлімінің басшысы Орынтаев Бауыржан Орынбасарұлы мен Шымқаланың алты театрының басшыларының өткізген брифингінде айтылды.
Қазіргі күнге дейін театр репертуары әлемдік және отандық классик жазушылардың және бүгінгі күнгі жаңашыл жас буын драматургтердің 400 ден аса шығармалары сахналанған спектакльдермен толығып келеді.
Жыл басынан бері Айнұр Кәрімнің «What’s up 5 Б?» комедиясы мен Жұманазар Сомжүректің Ақан сері туралы «Серінің сергелдеңі» лирикалық драмасының премьералары сахналанды.
Бұдан бөлек, мамыр айында театр әртістері Алматы қаласындағы гастрольдік іс-сапарда «Қораз» спектаклін көрсетіп қайтса, 23 мамыр күні Түркістан қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне гастрольдік іс-сапарында «Махаббат формуласы» сазды-лирикалық спектаклін көрсетіп келді.
2023 жылдың даталы күндері аясында ұлы тұлғаларымызды насихаттап, жас ұрпаққа өнеге тұту мақсатында бірнеше спектакль көрермен назарына ұсынылды. Атап айтқанда, Жеңіс күні мерекесі аясында С.Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» драмасы, «Мәдениет және өнер қызметкерлері күні» мерекесіне орай М.Мақатаевтың шығармаларынан сахналанған «Мұқағали» монодрамасы, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» күні аясында С.Қасымбектің «Атжалман ғасыр» тарихи драмасы, «Халықаралық балаларды қорғау күні» мерекесіне орай А.Атымтаеваның «Кім патша?» ертегісі, «Рәміздер күні» мерекесі аясында М.Байджиевтің «Тіл табысқандар» комедиясы, Абай Құнанбайұлының туған күні аясында «Желсіз түнде жарық ай» әдеби-сазды толғауы, «ҚР Конституциясы күні» мерекесі аясында И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» музыкалық драмасы сахналанды.