Шымкентте Қаратау ауданы жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Мобильді топ» пен Еңбек мобильділігі орталығы қызметкерлері бірлесе отыра «Rahima Plaza» сауда орталығының жастарына мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бұл турпалы Шымкенть Ақпараттық-коммуникациялық орталығы хабарлады.
Мақсаты – мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау, жастарды кәсіпкерлік саласындағы мүмкіндіктерден хабардар ету арқылы дұрыс мамандық таңдауларына бағыт-бағдар көрсету.
Сауда орталықтың жастарына жұмыспен қамтудың белсенді шаралары мен жастарға арналған «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісім-шарты» бағдарламалары жөнінде кеңінен түсіндірілді.
Сонымен бірге Еңбекші ауданы жастар ресурстық орталығы қызметкерлері Көктем базарында «Жастардан жастарға – ақпараттық керуен» жобасы аясында мемлекеттік бағдарламалар жөнінде базар жастары мен базар келушілеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жобаның көздеген мақсаты да жастарды жұмыспен қамту, тұрғын үй мәселесі, кәсіпкерлік бойынша мемлекеттік бағдарламаларды жастар арасында кеңінен ақпараттандыру және NEET санатындағы жастар үлесін азайту.
Ғылымда NEET термині ағылшын тіліндегі "Not in Empoloyment. Education or Training" ұғымының бас әріптерінен құралған. Қазақ тіліне аударсақ "не жұмыс істемейтін, не оқымайтын, не өзге де істермен айналыспайтын адам" дегенді білдіреді. NEET жастар – XX ғасырдың соңына қарай пайда болған мәселе. Бұл мәселені Ұлыбритания алғаш болып көтерген. Ал жастардың әлеуметтік әлсіз топтарына арналған мемлекеттік сараптаумен Бүкілелемдік банк айналыса бастауы, мұның әлемдік деңгейдегі күрделеніп кеткен мәселе екенін көрсетіп отыр.