Қыркүйектің екінші жексенбісі – Отбасы күні. Бұл күннің маңыздылығы зор. Себебі отбасы – адам өміріндегі ең қастерлі ұғым. Адамның жеке басының қалыптасуы отбасынан басталады. Отбасындағы дұрыс тәрбиенің арқасында адам бойындағы асыл қасиеттер қалыптасады.
Туған-туысқа, бауырға деген сүйіспеншілік Отанға деген махаббатқа ұласары хақ. Сондықтан да отбасы Отанның бір бөлшегіндей. Бүгінде отбасы ұғымын қадір тұтып қана қоймай, оны ұл-қыздарының бойына сіңіріп, немерелеріне тәлім-тәрбиесін беріп, бақытты ғұмыр кешіп жүрген аналарымыз баршылық. Солардың бірі – Шымкент қаласының тұрғыны Сәуле Бердіхожаева.
Шымкент Ақпараттық-коммуникация орталығының хабарлауынша, 64 жастағы зейнеткер 3 қыз, 1 ұлдан 20-дан аса немере сүйіп отыр. Бердіхожаевтар отбасы қатарынан екі жыл Шымкент қаласында өткен «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді.
Сәуле Бердіхожаева қызметте абыройлы еңбек етті. Еселі еңбегі үшін «Ардақты ардагер», «Ел қалаулысы» «Атаға тағзым» медальдарымен , «Ел құрметі» орденімен марапатталған. Шаңырақтың шырайын кіргізіп, отбасылық құндылықтарды дәріптеген өнегелі отбасылар марапат биігінен көрінуге лайық. Қазақ халқы үшін отбасы – қасиетті ұғым, қастерлі құндылық.
Отбасының бірлігі – отанның беріктігі, ағайынның татулығы – атамекеннің тұтастығы, ұлттық тәрбиенің, адамгершілік пен имандылықтың бастау бұлағы.