Шымкент қаласы әкімдігінің, мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының қолдауымен, Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебеп кітапханасында жазушы, журналист Ертай Бекқұлды еске алу, еңбектерін насихаттау, шығармашылығымен танысу кеші өтті.
Шарада белгілі қаламгердің өмірлік жолдастары, қызметтестері, ізін басқан журналистер бас қосып, әсерлі әңгімелер мен естеліктер айтылды.
Кешті кітапхана директоры, ф.ғ.к. Анар Абусайылқызы ашып беріп, жазушы, “Құрмет” орденінің иегері Шойбек Орынбай жүргізіп отырды.
Кешке зиялы қауым өкілдері мен замандас дос журналистер , студенттер қатысып, әріптес туралы естеліктерімен бөлісті.
Ертай Бекқұл журналистикада өзіндік қолтаңбасы бар қаламгер еді. Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің түлегі. Еңбек жолын Қостанай облыстық газетінде бастаған. Бұдан кейін «Лениншіл жастың» осы облыстағы тілшісі, кейін басылымның Оңтүстік өңірлері бойынша тілшісі қызметін атқарды. «Ақиқат» газеті бас редакторының орынбасары, «Оңтүстік Қазақстан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары болып істеген.
Кеште өмірінің 45 жылын журналистикаға арнап, өз мамандығына деген адалдықтан айнымаған қаламдасымыз жайлы әріптестері мен достары көңіл тербеген естеліктерімен бөлісті. Есіл Ерекеңнің өнегелі өмір жолына мәнерлі сөзбен, жарқын бейнелі суреттерімен мағыналы шолу жасаған бейне-ролик те кеш кейіпкерінің өткен шақтарын көз алдымыздан өткеріп, жанымызды мұңды сағынышпен толқытты. Ал кешке қатысқан студеттер Ертай Бекқұлдың қаламынан туған тәрбиелік тәлімі зор оймақтай ойларын оқып берді.