Бүгінде Шымкент қаласына қарайтын Сайрам елді мекенінде әулиелі, тарихи нысандар көп. Солардың бірі Қарашаш ана кесенесі. Нысан Сайрамның орталығында, Жүсіп Сайрами және Әмір Темір көшелерінің қиылысынан 100 м қашықтықта, ескі зираттың шетінде, биік жерде орналасқан, оның оңтүстік фасады Әмір Темір көшесіне қараған.
old.archaeology.kz порталының жазуынша, Қарашаш ана кесенесінің киелі дәстүрі Қожа Ахмет Яссауидің анасы болып, ол қайтыс болғаннан кейін осы жерге тұрғызылған деген аңызға айналған әңгімелерге сүйенеді. Жазба деректер бойынша, ең бастысы «Мадинат-әл-Байда мен Испиджаб әулиелерi хақындағы трактаты» (XVII ғ. соңы–XVIII ғ. басы) мен XIХ–ХХ ғ. басындағы фольклорға негізделеді. Сол уақытта ескерткіштің қазіргі атауы пайда болған – аңыз- әңгімелер бойынша кесене күмбезінің ұшар басына Қожа Ахмет Яссауи анасының бір бұрым қара шашы байланған, осылайша оның лақап есімі мен кесененің аты – «Қарашаш ана» пайда болады. Оның шын есімі Айша бибі (Айша қатын). XVII ғ. аяғындағы аңыз-әңгімелер бойынша ол – Қожа Ахмет Яссауидің әкесі Ибраһим атаның ең танымал шәкірттерінің бірі болған Мұса шейхтың қызы. XVII ғ. аяғындағы аңыз- әңгімелерде оны XIII ғ. соңында Ташкенттің «әулиесі» болған Омар Багистани шейхтың қызы, қарындасы немесе немере қарындасы болған дейді (Девин ДиУис). Деректер мен аңыздарда Айша бибі қарахандықтар кезеңінің білімді және тақуа әйелдердің бірі ретінде суреттеледі. Қарашаш ана кесенесіне кіріп шығу Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зи-ярат ету салтының бастауы болды.
Ескерткіш туралы деректер 1925 ж. жарық көрген М.Е. Массонның «Старый Сайрам» тарихи-археологиялық очеркінде кездеседі. 40 жыл бойы ұмыт қалғаннан кейін, Шымкент облыстық музейінің құрылыс ісі және сәулет өнері жөніндегі облыстық бөлімінің (Т. Поднебесная) тапсырмасы бойынша кесененің толық өлшемі алынып, сызбасы бар қысқаша тарихи анықтамасы мен сипаттамасы жасалды. 1983 ж. ескерткішті қалпына келтіру жұмыстарына байланысты алынған өлшемдері қайта пысықталды. Осы уақытта кесене Қазақстанның тарих және мәдениет ескерткіштерінің жиынтығына енгізілді.