Қазақ жерінде тарихы терең, мән-мағынасы жоғары қасиетті өлкелер жетерлік. Сондай киелі жерлерді бауырына басқан аймақтың бірі – Шымкент қаласы. Мамандардың пайымдауынша, Шымкент қаласы еліміздегі ең көне қалалардың бірі, оның тарихы 2200 жыл бұрын басталған. Бүгінде Шымкентте «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына енген көне және қасиетті орындар баршылық.
Шымкенттің ең көне сәулет ескерткіші – «Жәми» Шыңғысбай қажы мешіті. Тұрғындар арасында «Ескі мешіт», «Қошқар ата мешіті», соңғы уақыттары «Шыңғысбай Дәуітұлы мешіті» аталып кеткен. «Жәми» атауы араб тілінен аударғанда «жамағат» деген мағына береді.
Көне мешіттің құрылысы Орта азиялық Тәшкен-Ферғана сәулет стилінде тұрғызылған. Мешітті Шыңғысбай қажы Дәуітұлы 1881 жылы бастап, 1889 жылыға дейін толықтай салып бітірген. Оған қажетті сәулетші, шеберлерді Тәшкен қаласынан алдырып, құрылыстың барлық кезеңін өзі қадағалап отырған.
Кеңес өкіметі кезеңінде тәркілеу жүргізілген тұстары мешітті үкімет өз меншігіне алады. Сондай-ақ екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әскери казарма, комиссариат, милиция ғимараты ретінде пайдалануға берілген. Соғыс аяқталғаннан кейін 1947 жылы халыққа қайта пайдалануға беріліп, діни рәсімдер өзкізуге рұқсат етілген. Бүгінде көне мешіт мемлекет қорғауына алынған. Онда діни рәсімдер ұйымдастырылып тұрады.
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының тізіміне енген тағы бір сәулет ескерткіші – «Никольский» шіркеуі. Ол Шымкент қаласындағы Кен Баба саябағының артқы жағында орналасқан. «Никольский» шіркеуі XX ғасырдың бас кезінде тұрғызылған. 1920 жылы шіркеу жабылып, күмбезі алынып тасталған. Бұл сәулет құрылысы саяси өзгерістердің әсерінен ауылшаруашылық мектебі кейін пионерлер сарайы, мәдени және білім беру мекемелері болған. 1952 жылы сәулет құрылысының үшінші қабаты қосылады.
Нәтижесінде 1983 жылы ғимарат қуыршақ театрына айналып, 2011 жылы қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта собор ғимаратында Облыстық мемлекеттік қуыршақ театры жұмыс істейді. Ғимарат мемлекет қорғауына алынған.