«Исфиджаб» қандай мағынаны береді?

 загруженное.jpg 

Исфиджаб Сайрам қаласының араб-парсы тілдеріндегі кездесетін атауы. Бұл нені білдіреді? Бұл туралы белгілі жазушы, Алаш» сыйлығының иегері Мархабат Байғұт өзінің «Түркілер төрі-Түркістан» кітабында былай дейді:

-Сюань-Цзяннің сапарнамасында «Ақ өзендегі қала» делінеді екен. Махмұд Қашқари ХІ ғасырда Сайрам Испиджаб аталатын ақ қаланың атауы екендігін жазыпты. Соғды тілінде Испиджаб «Ақсу» мағынасын береді екен. Белгілі түркітанушы, ақын, тарихшы Сәрсенбек Сахабат теотопонимдік тақырыпта тер төгіп өткен бейнетқорлардың бірі еді. Ол Аққала атауын Сақ қаласы ұғымына ұластырады. Ақсу өзенін де Сақ суы, Сақ өзені деп дәлелдейді. Қалай болғанда да, қарақтарым-ей, Х-ХІІІ ғасырларыңызда осы күнгі Сайрамыңыздың орнында, аудан орталығы боп тұрған Ақсукент аймағында Оңтүстік Қазақстаныңыздың ең үлкен шаһары гүлдену дәуірін бастан кешіпті. Жалпы, Испиджаб, яғни Сайрам округі Сырдария мен Арыс өзендерінің бойларындағы, Қаратау мен Қазығұрт тауларының баурайларындағы Кедер, Сығанақ, Сауран, Ясы-Түркістан, Баладж-Бабата, Құмкент, Созақ, Берукей, сондай ақ шығыс-оңтүстікке қарата Тараз, Құлан, Мерке, Суяб сияқты қалаларды, өзге де қамал-қорғандарды, таулы-қыратты, нулы-сулы, далалы, шөлді-шөлейтті – таңғажайып табиғаты бар өзгеше өңірді қамтыған. Карл Байпақов пен Арнабай Нұржанов Х ғасырдың жағрапияшысы, жиһанкез Ибн Хаукәлдің жазбаларына сілтеме жасай отырып, Испиджабтың құрылымы негізгі орталық пен керуен сарайдан тұратынын, рабаттың тегіс жерде екенін, өзінің ғажайып бағы мен суы барлығын, ең жақын  тауларға дейінгі қашықтық жиырма шақырымдай болатынын келтіреді. Төрт қақпалы қала толы құжынаған адам, базарлары, басқару үйі мен бас мешіті орталығында, нағыз сауда шаһары делініпті. Ұлы Жібек жолының бойындағы халықаралық қатынас және сауда-саттық, мәдени-рухани мерейлі мекен ретінде Тұран-Түркістан өңірінің шаһарларында, Шығыс елдерінде, Қытайда және Сайрамның өзінде соғылған теңгелер қолданылыпты. Испиджабта түрлі қоймалар болыпты, олардан жібек және ақ мата түрлері, қолөнер бұйымдары, қару-жарақ, әсіресе семсерлер мен садақтар, мыс пен темір жөнелтіліп тұрыпты. Қала сол кездері құл сатудың өзіндік орталығы ретінде де белгілі болыпты. Өзге елдерден, оның ішінде жергілікті және алыс қиырлардағы түркі тайпаларынан да қолға түскен тұтқындар құл ретінде сатылыпты. Ет пен мал саудасы айрықша жүргізілетіні мағлұм етілген.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Жеті жарғы» Мәртөебедегі мәслихатта қабылданды
  • «Мамыр өте Мәртөбеге кел!»
  • Шымкент инвесторлар үшін тартымды қала
  • Үшінші мегаполисте тауар қоры жеткілікті
  • Шымкентте заманауи өрт сөндіру депосы пайдалануға берілді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер