Шымкент тарихи деректерде ең алғаш рет қашан кездеседі? Бұл туралы белгілі жазушы Мархабат Байғұт «Түркілер төре Түркістан» кітабында былай дейді:
-В.В.Бартольдтің көрсетуінде, Шымкент атауы алғаш рет 1425 жылы Шараф-ад-дин Али Язидің «Зафарнама» атты дүниесінде кездескен. Дейді. Ал осы мәліметті келтірген Карл Байпақов пен Арнабай Нұржанов қала тарихы мыңдаған жылдар тереңіне бойлап кететінін дәлелдейді. Шымкент қаласы аумағынан табылған тас қарулар бұл жерде тас дәуірінің өзінде елеулі мекендер болғанына куәлік етеді. Қола дәуірінде де балқытылып, қорытылып, қолданылған мыс пен қола қалдықтары табылған. Мыстан пышақтардың түр-түрлері, пішен орақтары, балта мен балға, қару-жарақтар мен әшекейлер әзірленгені дәлелденген. Одан бері қарай Шымкенттің сақтардың да сүйікті мекені болғаны байқалады. Қорғандар мен мазарлардың қалдықтары тікелей сақтар дәуірінен хабардар етеді. Қола ұшты жебелер, айшықты адырналар, қанжарлар мен қылыштар сияқты сақтардың сан түрлі қару-жарақтары Шымкент қазбаларынан көптеп кездеседі. Біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдығының соңы мен біздің заманға тиесілі бірінші мыңжылдықтың алғашқы жартысында Шымкенттің орнында және айналасында бірнеше елді мекендер болғаны анықталды. Құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жерден жұмыр сопақша балдағы бар қола қанжар – ақинақ табылды. Шымкенттің көне тарихи құндылықтары, мәдени қабаттары зерттелмей тұрып, кейінгі кезең құрылыстары астында қалып қойған. Сайрам, Түркістан, Тараз қалаларының тағдырлары сияқты ғой, балдар-ей. Мәселен, Шымкенттің баяғы автовокзалы бар ғой. Сол баға жеткісіз бағзыдағы ескерткіштер көміліп қалған орынға салынып, қазірге дейін әлдебір ғимарат боп тұрыпты. Тарихи құпия құндылықтардың үстінде. Оның оңтүстік-шығыс жағындағы тарихи төбе мен Ескіқала шағын ауданы да зерттелмей қалып қойған. Шымшаһардың айнала-төңірегі де сондай. Советтер Одағы тұсында небір алып, алпауыт зауыттар салынды ғой. Қорғасын зауыты, фосфор зауыты, цемент зауыты дегендей. Солардың бәрінің астынан шыққан құндылықтарға ешкім назар аудара қойған жоқ. Ескіліктің қалдығы ретінде күл-талқаны шығып, ысырылып, жойылып кетті. Фосфор зауыты маңындағы Қаратөбе, қала орталығындағы Мұңлық, Қошқарата сияқты бірен-саран киелі орындар ғана өте кешігіп қолға алынды.