Соңғы жылдары Шымкенттің тарихына қатысты тың зерттеулер жүргізілді. Мұның бәрі Шымкенттің шежіресі өте тереңде екендігін дәлелдеді. Бұл туралы белгілі жазушы Мархабат Байғұт «Түркілер төрі Түркістан» еңбегінде былай дейді:
- 2012 жылы Алматы қаласынан Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының жетекшісі Бауыржан Байтанаевтың «История Шымкента. 2200 лет по археологическим источникам» деген көлемді кітабы жарық көрді. Қалың жинақ сегіз тараудан тұрады. Алғашқы тарауда Шымкент қаласын зерттеудің тарихы, екіншісінде қытай, араб, парсы, орыс, ағылшын дереккөздері зияткерлікпен зерделенеді. Келесі тарауда Шымкенттің негізі Нуджикенттен басталғаны байыпталып, нақты деректермен, табылған тарихи жәдігерлермен дәлелденеді. Төртінші және бесінші тарауларда Шымкентіңіздің стратиграфиясы мен хронологиясы қазба материалдар негізінде, соларды саралай сипаттау арқылы тәптіштей түсіндіріледі. Кейінгі тараулар да аса құнды һәм тыңғылықты. Шаһарымыздың түрлі-түрлі тұстарындағы бөліктері мен арнайы аумақтары және айнала-төңірегі туралы дәйектерге толы. Сондай-ақ қаншама қазба материалдардың, олардың ішінде керамикалық кешендердің осыдан 2200 жыл бұрынғы қаланың ақиқат қалдықтары екені, Нуджикенттің, оның маңайындағы Сайрамның, тағы да басқа елдімекендердің жай-жапсарлары жан-жақты талданып-таразыланады. Шымкент 1917-1991 жылдары өмір сүрген Советтер Одағы, СССР тұсында Қазақ Советтік Социалистік Республикасындағы Оңтүстік Қазақстан, кейірінек Шымкент, одан соң қайтадан Оңтүстік Қазақстан аталған облысының орталығы болды. Жетпіс төрт жыл кеңестік кезеңде өмір кешті. 1962-1966 жылдары Оңтүстік Қазақстан өлкесінің де орталығы ретінде танылды. Өлкеге Шымкент, Жамбыл және Қызылорда облыстары қарады. Қала, әсіресе, Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, кезінде Жамбыл, Алматы облыстарын басқарған, Алматы облысы мен Алматы қаласын гүлдендіріп, көркейтуге ерекше еңбек сіңірген Асанбай Асқарұлының тұсында жаңарып, жаңғырғаны мәлім.