Қазба жұмыстары кезінде Шымкент қаласының тарихи орны-«Шымкент ескі қалашығынан» көптеген жәдігерлер табылды.
Қарахан дәуіріндегі (ХІІ-ХІІІ ғғ) тұрғын үй кешені 2017 жылғы қазба жұмыстары кезінде табылған. Тұрғын үй үш бөлме, екі дәлізден тұрады. Біріншісі ошағы мен сыпасы бар ас үй бөлмесі, едені күйдірілген қызыл кірпішпен төселген. Қарахан дәуіріндегі күйген кірпіштің көлемі 24х24 см., қалыңдығы 3-4 см болған. Бұл бөлмеде үй егелері тамақ пісірген және тамақтанған. Сыпа үстіндегі екі түрлі көлемдегі дастархан, бұл әрі стол және ыдыс, табағында қамыр илеп, келесі бетінде қамыр жайған. Екінші бөлме, бұл жатын бөлме, бұл бөлмеде адамдар ұйықтап тыныққан, Г-тәріздес сыпасы бар, сыпаның астынан жүргізілген кеннің арқасында сыпаның беті жылы болған. Сыпа кереуеттің және отыратын орындықтың қызметін атқарған. Бөлменің ортасында жылжымалы ошақ төсеніш орналасқан, бұл төсенішке шоқ салынған. Үшінші бөлме бұл азық-түлік сақтайтын қойма, ұяшықтар -Закрома деп аталады. Закромада бидай, ұн жеміс-жидектер, көкөністер сақталған.
Сонымен қатар археологиялық қазба жұмыстары кезінде осы дәуірге жататын көптеген сырланған керамикалық бұйымдар – легендер, кеселер, қазандар, майшамдар, ваза тәріздес құмыралар, дастархандар, моншақтар, теңгелер және т.б көптеген жәдігерлер табылған. Табылған жәдігерлер қазіргі таңда камералдық өңдеу үстінде (камералдық өңдеу деген – жапсыру, реставрация, құжаттау және т.б). Өңделген жәдігерлер болашақта осы кешеннің экспозициясына қойылады.
Сондай ақ, Қазақстанның оңтүстік-шығыс және оңтүстік аудандарын мекендеген қарахандықтар көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысты. Мал шаруашылығында жылқы өсіру жетекші орын алды. Қарахан мемлекетінің құрамына енген түркі тайпалары отар-отар қой ұстады, сондай-ақ түйе, ешкі, ірі қара өсірді. Отырықшы, жартылай отырықшы түрік тайпаларының біразы егіншілікпен де айналысты. Олар тары және басқа да дәнді дақылдар өсірді, отырықшылар қала мәдениетімен араласып, қала халқын толықтырды. Қалаларда қолөнер кәсібі, әсіресе көзешілік кеңінен дамыды. Олар аңшылықпен де айналысқан. Сондай-ақ, Сырдария, Іле мен Талас, Шу өзендерінен балық аулау айтарлықтай рөл атқарды.