Шымкенттің тарихи орны-«Шымкент ескі қалашығында» келушілердің назарына көптеген жәдігерлер ұсынылған. Соның бірі-арба.
Арба – екі немесе төрт дөңгелекті болып келеді, ол атқа, есекке, өгізге, түйеге жегілетін жүк таситын көлік. Яғни қолданысына қарай ат арба, өгіз арба, түйе арба, есек арба деп жіктейді. Жалпы қазақ халқы арбаларды екі түрге бөлген: екі дөңгелекті арба жəне төрт дөңгелекті ірі арба. Қос доңғалақты арбалар ойлы-қырлы жерлермен, жолсызбен жүруге, арық-жылғалардан, батпақ пен құмнан өтуге қолайлырақ болып келеді.
Арбаның дөңгелегі ежелгі түсінік бойынша күн шеңберін бейнелейді деп есептелгендіктен, қасиетті деп саналған. Арба ерте заманнан, әсіресе, ежелгі түрік дәуірінен бастап әскери көлік ретінде де қолданылды. Орта Азия мен Таяу Шығыс елдерінде жүк тасу үшін доңғалақтарының диаметрі 2 м-ге дейін жететін қос доңғалақты арбалар пайдаланылған. Оларды қазақтар «қоқан арба» деп атаған. Негізгі материалы ағаштан жасалған. Сонымен қатар шойын бекіт-кіштер де қолданылған. Өлкеде арба жасайтын ұста шеберлері сұраныстарға сай осындай арбаның түрлерін жасап отырған.
2018 жылғы археологиялық қазба жұмыстары барысында XVI-XVII ғғ. жататын тұрғын үйлердің орындары ашылды. Бұл үйлер толықтай консервацияланған. Бөлмелердің ішінде тандырға ұласқан сыпалары бар, сонымен қатар хұмдар еден бетінен ойылып орналастырылып, ернеуі еден деңгейімен бірдей сыланып қойылған. Бұл хұмдарда астық немесе су құйып қойған. Тандырлардың кені сыпа арқылы өтіп, дуалдың бұрышынан шыққан. Бөлмелерден тас қайрақтар, дән үккіш тастар табылған.
Қорғаныс дуалы мен осы тұрғын кешендерінің ортасында ені 1,5-2 метрге жуық жол ашылған. Жол төрт түлік малдың сүйегінен, керамиканың сынықтарынан және майда тастармен төселген.