Екі мың жылан астам тарихы бар Шымкент қаласы 19 ғасырда қилы кезеңдерді бастан кешірді.
Шымкент ХІХ ғасырда қоқандықтар Шымкент бекінісін алғаннан кейін төбе аумағы цитадельге айналады. 1864 жылы патша генералы Черняевтің әскері цитаделді басып алып, қыраттың айналасына қорған тұрғыза бастады.
«Шымқала» тарихи-мәдени кешені мекемесінің мәліметінше, Патшалық Ресейдің отаршылдары Қазақстанның Оңтүстік облыстарын басып алып, сол жерде орныға бастайды. Верныйдан шыққан подполковник Михаил Черняевтің әскері 4 маусымда Әулиеатаны басып алады. Ал Ақмешіттен шыққан полковник Н. Веревкиннің әскері 12 маусымда Түркістанды, 22 қыркүйекте Шымкентті бағындырады. 1865 жылы 17 маусымда үш күндік шайқастан кейін орыс әскерлері Ташкентті басып алды. Осылайша бұл төңіректе Орынбор генерал-губернаторлығына бағынысты Түркістан облысы құрылады. Түркістан облысының орталығы алғашқыда Шымкент қаласы болады. Облыстың алғашқы бастығы болып оңтүстікті тұңғыш жаулаушы Михаил Григорьевич Черняев, коменданты болып Веревкин тағайындалады. 1866 жылы көктемде орыс әскерлері Бұхар әмірлігінің территориясын бағындырды. Ал, 1867 жылы оның көптеген аумақтары Түркістан генерал-губернаторлығының құрамына енгізіледі.
2004-2005 жылғы археологиялық қазба жұмыстары кезінде Цитаделдің батыс бөлігінде 54 метрге созылған қыштан тұрғызылған қорған құрылыстары бар қамал дуалдары аршылған, қорғаныс дуалдарының екі шетінде мұнарасы бар. Екі мұнараның арақашықтығы шамамен 38 метр. Қорғаныс дуалдарының ішкі жағында азық-түлік, қару-жарақ сақтауға, сарбаздардың тынығуына арналған казиматтар аршылды. Қамал дуалына жапсырыла салынған тоғыз жайдың орны анықталды, олардың көлемі 4-4,2 м, сондай-ақ қамал дуалының үстінгі оқ ататын алаңына апаратын пандус болғаны анықталған. Сондай-ақ әскерлердің тынығу бөлмелердің барлығында ошақ болған. Қорғаныс дуалдары қам кірпіштен, ал мұнара мен қарауыл жайы пахсадан қаланған. Дуалдың төменгі жағының ені 5-5,25, ал үстіңгі жағының ені 3,3 м. Дуалдың сақталған биіктігі 1,3-1,8 м.
Сонымен қатар қорғаныс дуалының оңтүстік беткейінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде, зерттеу аймағы 3 метр тереңдікке дейін қазылып, нәтижесінде қоқан заманындағы қамал дуалының орны ашылып, екі метр шамасындағы тереңдіктен ХІХ ғ бірінші жартысына тиесілі көзеші пеші және керамика жиынтығы табылды.