Ата-бабамызға қатты жапа шектірген Қоқан хандығы, ол Бұқар, Хиуадан кейін пайда болған.1808 жылдың қазан айында Қоқан хандығының билеушісі Әлім хан Шымқала, Түркістан, Түлкібас тарапына шабармандар жіберіп өз еріктермен берілуін сұрайды, алайда бұл тараптардан еш хабар келмеген соң ашуға булыққан Әлім хан, Шымқалаға шабуылын бастайды.
«Шымқала» тарихи-мәдени кешенінің хабарлауынша, Бес күн бойы мыңдаған мылтықты, бірнеше зеңбірегі бар Қоқанның әскерін Шымқала қорғаушылары бергі бетке өткізбей, жанкештілікпен қорғанады.Бірақ Әлім ханның тыңшы-жансыздары Шымқалаға өтетін басқа бір өткелді тауып, ол өткел- қазіргі Забадам ауылының шығыс бетіндегі кешу болатын. Алтыншы күні Әлім хан қазақтарды алдау мақсатында әскерінің бір бөлігін төменгі кешудегі соғысқа қалдырады да, қалған бір бөлігін жаңағы жоғарғы кешуден өткізеді. Жақсы қаруы бар сол әскер Бадам жағасында қорғанып жатқан қазақтардың ту сыртынан соғады.Екі жақтан қыспаққа түскен қазақтар тағы қайтпай шайқасып, аман қалғандары қамал ішіне келіп тығылады. Арт жақтан өкшелеп келген қоқандықтар қала қамалын зеңбірекпен атқылап, қақпаларды қиратады. Қалада қалып кеткен немесе жараланып жүре алмай қалған қазақтарды бір жерге жинап, түгелімен кескілеп өлтіреді.
Осылайша, 1808 жылдың қазан айының 23 күні Шымқаланы алған қоқандықтар ұзамай бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарының жерін түгелдей және Алматы облысы Ұзынағашқа дейін алабын жаулайды. Міне, қоқандықтардың шабуылына ұшыраған қазақ шаһарларының алғашқысы Шымқала еді және оның ең қатал зұлымдығы мен залымдығын тартқан біздің шаһардың ескілікті тұрғындары болды.Әлім ханнан кейінгі таққа отырған Омар хан 1814 жылы қазақтарға салынатын салық түрлерін бекітті. Жалпы 22 түрлі салықтың түрін енгізіп, ең қасіреттісі қыз салығында енгізді. Салық төлейміз деп- ақ, қазақ халқы әбден титықтап, құлдырады. Шымқалаға қоқандықтар 1808 жылдың күзінен 1864 жылдың күзіне дейін билік жүргізді.