Шымкент қаласы Қаратау ауданы прокуратурасы, Қаратау ауданы жастар ресурстық орталығы, Қаратау ауданы төтенше жағдайлар басқармасы, Қаратау ауданы жергілікті учаскелік полиция инспекторларымен бірлесе отыра, Қаратау ауданы аумағында орналасқан мектеп лицейінің оқушылары арасында кездесу ұйымдастырды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникация орталығы хабарлады.
Мақсат – кәмелетке толмаған жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру мен төтенше жағдайлардың алдын алу болып табылады.
Кездесуде кәмелет жасына толмаған жастар арасындағы қылмыс, ойын-сауық орталықтарындағы жүру фактілері, есірткі заттарын сату немесе тұтыну жөнінде бірқатар ақпараттар айтылып, отбасындағы зорлық-зомбылық пен төтенше жағдай барысында орын алатын келеңсіз жағдайлар туралы сөз қозғалды.
-Біздегі басты мақсат – ертеңгі ұлт болашығының жарқындағы. Себебі, тұтастай бір елдің артында сіздердей білімді, ізденімпаз, бәсекеге қабілетті жастар тұрады. Бүгінгі таңда қоғамдағы белең алған түрлі жат қылықтарға толық иммундық жүйе қалыптастыра алуларыңыз шарт. Бұл – елдегі қылмыс санын азайтуға үлкен септігін тигізері сөзсіз, - деді прокурор Дінислам Русланұлы.
Қаратау ауданы аумағында өткен кездесу соңында, кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер арасында қылмыс жасап, өз ісіне өкінішпен қарайтын жастардың темір тордағы өкініші жөнінде арнайы әзірленген бейнеролик көрсетілді.