Былтыр жастармен өткен кездесуінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Қазақстан азаматтарының, әсіресе жастардың еңбекқорлық қағидатын ұстануы маңызды. Сырттан көмек күтудің қажеті жоқ. Қазір заман басқа, яғни маңызды шешімдердің уақыты, серпіліс жасайтын сәт. Жастар болмаса, мұнымен кім айналысады? Қазір Илон Масктың тәжірибесі мен өмірлік ұстанымын үлгі ету үрдіске айналды. Иә, ол отбасымен бірге шалғай провинциядан Америка Құрама Штаттарына келді. Өзінің креативтілігінің, батылдығының, өзіне тән ерекшелігінің арқасында "Илон Маск феноменін" қалыптастыра алды. Мұндай мысалдар өте көп. Жақында Мен Нью-Йоркте Американың жоғары оқу орындарын бітіріп, америкалық компанияларға жұмысқа орналасқан жастарымызбен кездестім. Мен оларға: "Біз сіздерді Қазақстан азаматтары деп білеміз. Сіздер – қазақсыздар. Нью-Йорк немесе Еуропа елдері болсын, әлемнің дамушы елдері болсын, қай жерде жұмыс істесеңіз де, қазақ болып қаласыздар" деп айттым. Белсенді азаматтық әрекет арқылы сіздер, біріншіден, мемлекетке пайда әкелесіздер, екіншіден, өздеріңізді таныта аласыздар. Қалай болғанда да, біз мамандар іріктелетін, сәйкесінше уақыт өте келе мемлекетті басқару жауапкершілігін арқалай алатын өте қабілетті адамдар шығатын ашық қоғамға қарай қадам басып келеміз,– деген болатын.
Жас ұрпақтың тәрбиесі қай кезде де маңызды. Шымкенттегі Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің студенттеріне отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған кездесу өтті. Кездесудің басты мақсаты- отбасы туралы мағлұмат бере отырып, отбасын құрметтеуге, ата–анасын сыйлауға, кішіге қамқор, тату болуға тәрбиелеу болып табылады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникация орталығы хабарлады.
Жастар арасында зиянды әдеттердің алдын алу, салауатты өмір сүру салтын насихаттау мақсатында Шымкент қалалық психикалық денсаулық орталығының психиатр-наркологы Баймұрынова Раушан, №3 қалалық емханасының психолог маманы Избасарова Алия, Шымкент қалалық полиция департаменті Тұран аудандық полиция басқармасы ювеналды полиция бөлімінің инспекторы Илияс Серікболсын және мотивациялық коуч Қасымбекова Айдана ойларын айтты. Кездесу соңында мамандар жастармен кері байланыс орнатып, толғандырған сұрақтарына жауап берді. Психологиялық тренинг жүргізіліп, оған 150 жас қатысты.