Бірлік, тұрақтылық ұғымдары әр қазақстандықтың өмірлік кредосына, ұстанымына айналуға тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында:
-Мен бұған дейін де айттым: еліміздің тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы бәрінен қымбат. Ел бірлігі осы мызғымас құндылықтармен қатар тұруға тиіс. Сонда ғана болашағымыз баянды болады. Татулық пен келісім тек мемлекеттік саясатта емес, қоғамда, үйде, ұжымда, жалпы, барлық жерде дәріптелуі қажет. Бұл жалаң ұран емес, әр азаматтың күнделікті ұстанымы болуы керек. Халқымыз бірліктің және тыныштықтың қадірін біледі. Бұл – небір қиын-қыстау заманды өткерген, қазақ жерінен пана тапқан барша этностар үшін де қымбат құндылықтар. Осы құндылықтарды бағалай білгеннің арқасында жұртымыз бейбіт өмір сүріп жатыр. Бұл – теңдессіз жетістік!,-деген болатын.
Жуырда қоғам тұрақтылығын сақтау мәселесі бойынша Шымкент қаласы Тұран ауданы Түркістан шағын ауданының тұрғындарымен жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайту бағытында кездесу өтті. Жиынға Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мекемесі қызметкерлері мұрындық болды.
Кездесуде жастар арасындағы тәрбие, ұлттық құндылықтар, Отан алдындағы әскери борышты өтеу, оларды отансүйгіштікке баулу мәселелері қозғалып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ұлт араздығы мен діни түсініспеушіліктердің алдын алу мәселесі жөнінде түсініктер берілді.
Жиын барысында сөз алған спикерлер жастар көтерген мәселелер бойынша пікір алмасты.