Көрші мемлекеттерде қызылша ауруыныың өршуі біздің елемізге де кері әсерін тигізіп отыр. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Дүйсенбаева айтты.
«2023 жылы бірқатар көрші елдерде атап айтқанда: Ресей, Украина, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Еуропа аймағының 17 елінде қызылша ауруының өршуімен байланысты Қазақстан Республикасының халқы арасында қызылша ауруы тіркелуде»,- деді спикер.
Бүгінгі таңда қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында 238 пациент стационарлық емделуде, жағдайлары тұрақты. 2023 жылдың наурыз айынан бастап Шымкент қаласы бойынша қызылшаға күдіктенудің 4795 жағдайы тіркеліп, оның 2026 жағдайда диагноз расталды.
Науқастардың ішінде балалар 84% құрайды, олардың 90%-дан астамы қызылшаға қарсы екпе алмаған, оның ішінде 32% ата-аналардың діни себептермен бас тартуына байланысты.
Бүгінде Шымкент қаласының тұрғындары арасында қызылшаның таралуына жол бермеу мақсатында арнайы шаралар қабылданды.
Мамандардың айтуынша, қызылшаның алдын алудың ең тиімді, сенімді және баламасыз жолы - вакцинация. Қызылшаға қарсы егу – вирусты жасанды жолмен тоқтату, нәтижесінде ағза өзін тұрақты қорғайтын иммунитет қалыптастырады. Қызылшаға қарсы әлсіздетілген (аттенуирленген), лиофилизацияланған тірі вакцинаны тек дені сау кезде егеді! Қызылшамен ауырған адамның иммунитеті ұзақ мерзімге сақталады