Бүгінде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті үгіт-насихат материалдарын таратумен қатар, нұсқаулар беру бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникация орталығы хабарлады.
Шымкент қаласы әкімдігінде Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысы өткізіліп, мүдделі мекемелерге тапсырмалар берілген. Қауіпсіздік мәдениетін арттыру үшін қыркүйек-қараша айларының аралығында жалпы 39560 адамды қамтыған 8053 үй араланып, 2850 адамды қамтыған 73 жиын ұйымдастырылды.
Білім беру мекемелерінде 2385 оқушы қамтылған 63 интерактивті сабақ өткізілді. 112 номері арқылы қала тұрғындарының ұялы телефондарына улы газдан уланудың алдын алу тақырыбында ескерту хабарламалары 18 рет жолданды. 24 цифрлық телеарнада тәулігіне екі рет тақ күндері улы газбен уланудың алдын алу бойынша аудио - роликтер арналарға шығарылды.
Бұқаралық ақпарат құралдарында 292 үгіт-насихат жұмыстары жарыяланды (оның ішінде 59 газет басылымы, 51 сұхбат беру, 182 радиода сөз сөйлеу).
Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметіне сәйкес 2005 әлеуметтік жағдайы төмен отбасы есепке алынды. Бүгінгі күні профилактикалық іс-шаралар барысында 8374 адамнан тұратын барлық әлеуметтік осал отбасылар түсіндіру жұмыстарымен толық қамтылды. Улы газдан уланудың алдын алу мақсатында аталған азаматтардың үйлеріне 80 газдабылқаққыштар орнатылды.
Департамент тарапынан жылыту маусымының өту кезеңінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және улы газдың алдын алу жүйесін жетілдіруге, халықты және экономика объектілерін өртке қарсы қорғау деңгейін арттыруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру жұмыстары алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады.