Ташкент–Алматы бағытында Шымкент қаласын айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Құрылыс жұмыстары 31 шақырымды құрайтын 8 кезеңнен тұрады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков 7-кезеңі жүргізіліп жатқан жол құрылысының жұмыс барысын тексерді. Бұл кезең қала шекарасынан Бәйдібек би даңғылы қиылысына дейінгі аралықты қамтиды. Жалпы ұзындығы – 7,5 шақырым.
Бүгінде нысанда жер төсемін дайындау және ауыл шаруашылығына арналған арнайы көпір салу жұмыстары жүргізілуде. Аталған кезеңнің жұмысы 20 пайыз атқарылды.
Жоспарға сәйкес келесі жылдың соңына дейін құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, заманауи талаптарға сай көлік ағынын өткізу қабілеті жоғары болады.
Қала басшысы жауаптыларға құрылыс жұмыстарының сапасына аса мән беруді тапсырды.
Сонымен бірге Шымкентте бүгінде бас жоспарға сай салынып жатқан Қонаев көшесінің жалғасында құрылыс қарқынды жүргізілуде. Бұл құрылыс Бадам көпірінен оңтүстік бағытқа қарай 4,7 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда 2,8-4,7 шақырымдар аралығында жол негіздері салынып, асфальтобетон жабындысының төменгі қабаты жүргізілген. Сонымен қатар, мұнда инженерлік желілер жобаға сәйкес қайта орнатылды.
Құрылыс жұмыстары Бадам өзені арқылы өтетін көпірден Саттарханов көшесіне дейінгі аралықта жалғасуда.