Шымкент химия-фармацевтика зауытының тарихы тереңде. Бүкіл дүние жүзіндегі фармацевтикалық кәсіпорындардың ең байырғыларының бірі әрі бірегейі болып саналады. Зауыттың негізін 1882 жылы орыс көпестері Иванов пен Савинков қалаған. Мұндай кәсіпорынның пайда болуына қазақ жеріндегі, оның ішінде Оңтүстік Қазақстандағы даңқты дермене тікелей себепкер болған. Шымкент гербіндегі дермене осымен байланысты. Сонау 1885 жылы Түркістан өлкесіндегі дермене кәсіпорны өзінің ең алғашқы өнімі - 189 пұт сантонин шығарады. Ресейде бұл өнімнің 2-3 пұты ғана пайдаланылып, қалғаны түгелдей шетелге шығарылады.
1918 жылғы 15 мамырда Түркістан республикасы халық комиссарлары кеңесінің бұйрығымен зауыт национализацияланды. 1921 жылдың 22 қарашасында В.И.Ленин қол қойған «Шымкент сантонин заводын басқаруды ұйымдастыру туралы» декрет бойынша Түркістан республикасы халық шаруашылығы кеңесінен РКФСР халық шаруашылығы кеңесіне беріледі. Дермене өсімдігі мемлекеттік монополия иелігіне айналдырылады. 1925 жылы 3 маусымда Шымкент сантонин зауыты бірінші мемлекеттік химия-фармацевтика зауыты болып қайта құрылады. 1923-1929 жылдары КСРО-да тұңғыш рет никотин өндіруді, 1931 жылы анабазин сульфатын өндіруді, кейініректе диоспонин, полиспонин, цитизин сияқты жаңа препараттар жасауды игереді.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары зауыт медицина препараттарының 30-ға жуық түрлерін шығаруға қол жеткізді. Осылайша бір ғасыр бойы жергілікті жұртшылық Шымкенттегі осы зауыттың немен айналысатынын да, қаншама қыруар байлықтың шетке кетіп жатқанын да білмеді. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Қазақстанда өзіндік фармацевтикалық өндірісті игеріп, игілікке жаратуға шынайы бетбұрыс жасала бастады. 1993 жылы «Химфарм» АҚ құрылды. Кейіннен дайын дәрілік өнімдер шығару қолға алынды. Шетелдік әріптестермен ынтымақтаса ықпалдасу заманауи жабдықтарды игеруге мүмкіндік туғызды. Басқарудың ғылыми жүйесіне көшу, кәсіби шеберлікті алдыңғы орынға шығару, жоғары технологияларды меңгеру - міне, мұның бәрі де Шымкент химия-фармацевтика зауытын қысқа мерзімде айтарлықтай алға бастырды. Осылайша бастауыш субстанциялар өндірумен шектелетін кәсіпорын SANTO сауда маркалы халықаралық стандартқа сай келетін дайын дәрілік дүниелер шығаратын заманауи зауытқа айналды.