Шымкент қаласында 2021 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасының аясында бірқатар жобалар жүзеге асып келеді. Биыл тұжырымдаманың «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында Еңбекші ауданында көпқабатты 35 тұрғын үйдің ауласына абаттандыру жұмысы жүргізіліп, ойын алаңшалары орнатылып жатыр. Сонымен қатар, жеке сектор аумағындағы 11 мекенжайда заманауи кешенді спорт және ойын алаңшаларын құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек айтты.
Жыл басынан бері көпқабатты 28 үйдің ауласын абаттандыру, жеке сектордағы 8 мекенжайда кешенді балалар ойын алаңшасын орнату жұмысы аяқталған. Бүгінде Еңбекші ауданының тұрғындары «Халық қатысатын бюджет» жобасының игілігін көріп отыр. Сондай-ақ, жобасы аясында 2024 жылға бюджеттік өтінім берілген. Оның ішінде 2 гүлзар, 40 көпқабатты үйдің ауласын абаттандыру және жеке секторда 23 мекенжайда кешенді балалар ойын және спорт алаңшасын орнатуға арналған сметалық құжаттамалар әзірленген.
Еске сала кетейік, «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында тұрғындардың өтінімдері әр жылдың 20 қаңтарынан 1-наурызына дейін қабылданады. Көрсетілген мерзімде тұрғындар өтінім беріп, екінші кезеңде электронды түрде дауыс беру процессі жүргізіледі. Тұрғындар арасында 50 дауыс жинаған жоба әкімдіктін жұмыс жоспарына енгізіліп, іске асырылады.
«Еңбекші ауданында ұзындығы 732,91 шақырымды құрайтын 728 көшелер мен өткелдер бар. Жолдардың 535,77 шақырымы асфальт, 158,38 шақырымы тас, 38,76 шақырымы топырақты құрайды.
-Жолдардың жағдайын жақсартуға жылдан жылға жақсы көңіл бөлініп келеді. Мәселен 2021 жылы 4 магистралдық және 53 қалаішілік көше асфальтталып, жөнделді», - деді Д.Есілбек.
Одан бөлек, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыруымен демеуші есебінен «Базарқақпа» тұрғын алабындағы Сайрам су өзенінен өтетін көпір қайта құрылып, тұрғындардың игілігіне тапсырылды.
2023 жылы ұзындығы 45,5 шақырымды құрайтын 73 көшені жөндеу жоспарланған. Қазіргі таңда 70 көшені асфальттау жұмыстары аяқталып, 3 көшеде жұмыстар қарқынды жүргізілуде.
2024 жылға ұзындығы 56 шақырымды құрайтын 78 көшені жөндеуге ұсынылды.