Шымкенттегі Еңбекші ауданы аумағындабылтыр 121 көше жарықтандырылған болатын. Қазіргі таңда аудан шекарасының өзгеруіне байланысты жарықтандырылған көше саны – 89-ды құрап отыр. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек айтты.
Сонымен қатар, аудан аумағында күз, көктем мезгілдерінде жауын-шашын суларының басуының алдын алу мақсатында зерделеу жұмыстары жүргізіліп 57 мекен-жай анықталған. 2022 жылы су алу қауіпі жоғары 21 мекен-жайларға ұзындығы 7,3 шақырымды құрайтын ирригациялық арықтар орнатылды.
Ал, 2023 жылы 13 мекен-жайға ұзындығы 6,3 шақырым ирригациялық арықтарды орнату жұмыстарын мердігер мекемелер «Маверикс», «Сәтті құрылыс» ЖШС-тері жүргізуде. Қосымша 1 көшеге салу жоспарланды.
Қазіргі таңда аудан бойынша 283 көпқабатты үйлер 132 аулаға біріктірілген. 2021 жылдан бастап абаттандыру жұмыстары «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында іске асырылуда. Бұл дегеніміз тұрғындар өз ұсыныстарын жасау арқылы, жергілікті бюджеттің қалыптасуына қатысады.
«2023 жылы 35 үйдің ауласын абаттандыру және 4 жеке сектор балалар ойын алаңшасын құру жоспарланған. Қазіргі таңда көпқабатты 25 үйдің ауласын абаттандыру және жеке секторда 2 мекен-жайда кешенді балалар ойын алаңшасын орнату жұмыстары аяқталып, тұрғындардың пайдалануына тапсырылды»,-деді Д. Есілбек.
«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 2024 жылға 44 көпқабатты үйдің аулаларын абаттандыру және жеке секторда 7 мекен-жайда кешенді балалар ойын алаңшасын орнатуға сметалық құжаттамалар әзірленіп, бюджеттік өтінім берілді.
Қалған абаттандыруды қажет ететін 39 ауланы абаттандыру 2025 жылға жоспарлануда.
Сонымен қатар, 2023 жылға 7 спорт алаңшасын орнату жоспарланып, қазіргі таңда 6 алаңшаларды орнату жұмыстары аяқталу сатысында, 1 алаңшаны құру жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылы 11 ашық спорт алаңшасын орнату жоспарлануда.