Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «№ 2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жұмыс барысын бақылады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған орталықта 18 жастан асқан психоневрологиялық ауытқуы бар І-ІІ топ мүгедектеріне стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Атап айтсақ, тұрмыстық, медициналық, психологиялық, еңбек, мәдени, экономикалық, құқықтық және педагогикалық 8 әлеуметтік қызмет көрсетіледі.
Қазіргі таңда 240 мүгедектігі бар азамат стационарлық режимде ем алуда. Орталықта 55 бейнебақылау орнатылған. Жалпы аумағы 0, 946 гектарды құрайды. Бүгінде арнаулы әлеуметтік орталықты күрделі жөндеуден өткізу мәселесі туындап отыр.
Орталықтың жағдайымен танысқан қала басшысы жауаптыларға мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайластыру мақсатында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу және кез келген мезгілде ыңғайлы болу үшін спорт алаңшасының шатырын орнату бойынша нақты тапсырмалар берді.
Айта кетері, Шымкентте жуырда жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Ізетті зейнеткер» коммуналдық мекемесі пайдалануға берілді. Үш қабатты орталықта бір мезетте 70 адамға қызмет көрсетіледі. Заманауи талапқа сай жадбықталған ғимаратта түрлі ем шараларын алып, демалу үшін барлық жағдай жасалған.
Демалушылар үшін ғимаратта арнайы электромагнитті терапия бөлмесі, дәрілік шөп тұнбалары ұсынылатын фито бар, сумен емдеу орталықтары, кітапхана, мәжіліс залы қарастырылған.
Орталықта жыл сайын 2 мыңнан аса ардагерге санаториялық қызметтер көрсетілетін болады. Санитарлы-гигиеналық, мәдени іс-шаралар демалушылардың денсаулығына, жас ерекшеліктері мен қызығушылығына қарай жүргізіледі.