Шымкент қаласында "Қыс - 2023" Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы қарсаңында қысқы кезеңге қалалық коммуналдық қызметтер және азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарының дайындығы тексерілді. Бұл туралы «Шымкент келбеті» басылымы хабарлады.
Іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, ТЖ департаментінің бастығы, генерал-майор Қуанар Базарбаев қатысып, арнайы техникалардың дайындығын пысықтады.
– Оқу-жаттығу жиынының мақсаты – қыс мезгіліне инертті материалдардың қорын және қыс мезгіліндегі төтенше жағдайларда авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖ департаменті арнайы техникасының дайындығын тексеру, техникалардың жұмысқа жарамдылығын және техникалық жағдайын анықтау, қауіпті метеорологиялық құбылыстардың пайда болуына байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу. Қысқа дайындық барысында анықталған барлық кемшіліктер қалалық төтенше жағдайлар комиссиясының отырысында қаралады, – деді ТЖ департаменті бастығының орынбасары Ж.Жабаев.
Қысқы маусымда қаланың автомобиль жолдарында 20 бағытта қалалық коммуналдық-техникалық қызметінің 155 бірлік техникасы және жеке құрамда 1385 адам жұмыс істейтін болады.
Жалпы ұзындығы 891 шақырым, қаланың 443 көшесінде қар тазалау жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда 6990 тоннадан аса тұз, 31594 текше метр құм дайындалған, инертті материалдар қорын толықтыру жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы ТЖ департаментінің 29 бірлік техникасы мен 130 адам жеке құрамы дайындалды.
Қажет болған жағдайда қыс мезгіліне 58 жиналу-эвакуациялық пункті дайындыққа келтірілді.