Тіршілігі қыз-қыз қайнаған Шымкент қаласында күннен-күнге әсем ғимараттар мен зәулім сарайлар, әлеуметтік нысандар мен баспаналардың қатары күн санап өсуде. Біз бен сіз күн сайын көріп жүрген осы ғимараттар мен баспаналарда құрыш қолды азаматтардың қолтаңбасы жатыр.
Ия, құрылысшы — елдің іргесін қалаушы еңбек адамы. Олардың қолтаңбасы әр ғимаратта, әр көшеде, әр қалада сақталады. Таңның атысы мен кештің батысына дейін тынымсыз еңбек етіп, ел игілігіне үлес қосып жүрген жандардың еңбегі ерен. Бұдан былай кәсібіне адал, қарапайым еңбек адамдарының мәртебесін көтеру — басты мақсат. Осы үшін Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтардың жылы деп жариялады. Себебі, шынайы дамудың негізі — адал еңбек пен жауапкершілік. Нәпақасын адалынан тауып жүрген құрылысы саласының маманы Сейіт Балтабаев бүгінде “Aulet Group”құрылыс компаниясында жұмыс істейді. Жалпы құрылыс саласында 17 жылдан бері еңбек етіп келеді. Қаладағы көптеген ғимарат, нысандардың құрылыс жұмыстарына ат салысып, өз қолтаңбасын қалдырған.
«Құрылысшы мамандығы өз қиындығымен қоса қызықшылығымен қатар жүретін сала болып табылады. Жалпылама құрылыс деп айтылғанмен оның ішінде де сан түрлі мамандар бар. Бірі үйдің іргетасын құйса, бірі кірпішін қалайды. Құрылысшы тек қара күштің көмегімен жасалатын жұмыс емес. Бұл мамандық иесінің бойында дәлдік, нақтылық, есепке жүйріктік, ұқыптылық және жауапкершілік қажет. Себебі бір ғана қателік ғимарттың немесе баспананың сәнін ғана бұзбай, оның құрылымына, сапасына да әсер етеді. Қазіргі таңда қаламызда құрылыс саласы қарқынды дамып жатыр. Жыл сайын қаншама нысандар бой көтеруде. Сондықтан бұл мамандықққа деген сұраныс күннен-күнге артып келеді. Соған байланысты қаламыздың өсіп өркендеуіне жастар өз үлесін қосып, жұмысшы мамандығын таңдауына шақырамын»,- дейді ол.
Сейіт Болатұлы секілді қарапайым еңбек иесінің тынымсыз тіршілігі мен кәсібіне деген жауапкершілігі – жас ұрпаққа үлгі болары сөзсіз!
Өз нәпақасын адалдан табуға әр адам бойындағы ебін, мүмкіндігін, қарым-қабілетін қолдануы қажет. Қажырлы еңбектің нәтижесі қашанда берекелі, ісі мен табысы адалынан болмақ! "Ер дәулеті-еңбек" демекші, білек күші, маңдай терімен нәпақасын тауып, өз ісінің шебері атанған Сейіт Болатұлының отбасына амандық, жұмысына сәттілік тілейміз!