Қазақ үшін қастерлі аспап домбыраның қадірі артып келеді. Жақында ғана Елбасымыз шілденің бірінші жексенбісін ұлттық домбыра күні деп жариялады. Су жаңа мерекені шымкенттекітер де атап өтті. Дендросаябақта өткен салтанатты іс-шараға қала тұрғындары мол жиналды. Оларды мыңға жуық мектеп оқушысы қарсы алды. Көрермендер жас домбырашылардың орындауындағы флешмобты тамашалады. Саябақта ұлттық музыкалық аспаптар көрмесі ұйымдастырылды. Қолөнер шеберлері қала тұрғындары мен қонақтарының назарына өздері жасаған ұлттық бұйымдар мен кәдесыйларды ұсынды. Олардың арасында домбыра жасаудың шебері Сәдібеков Қожабек те өзі жасаған домбыраларды көрмеге қойды.
Көрмемен қатар мұнда домбыра жасаудан шеберлік сағаты да ұйымдастырылды. Жиналған көпшілік шеберлерден домбыра жасаудың қыр-сырымен танысты. Бұл күні қара домбыраның үні саябақтан ғана шыққан жоқ. мрекеге орай қаладағы барлық қоғамдық көліктерде домбырамен күй тартылып, термелер орындалды. Ұлттық домбыра күніне орай облыстық этно-мәдени бірлестіктердің төрағалары таңертеңнен Шымкенттегі перзентханаларға барып, жаңа туған нәрестелерге домбыра сыйлады. Мұндағы мақсат – сәбилердің бойына ана сүтімен бірге домбыраға деген құштарлық тараса дейді жауапты мамандар.