Әрбір кәсіпорын, зауыт пен фабрикадағы табысты жұмыстың, биік белестердің артында сол мекемеде қызмет ететін әрбір маманның, жұмысшының төккен тері мен адал еңбегі жатады. Ия, жұмысшы мамандар кәсіпорынның тірегі мен жүрегі саналады.
Биыл Шымкент мұнай өңдеу зауытына - 40 жыл толып отыр. Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған алып кәсіпорын бүгінде өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруда. Заманауи технологиямен жабдықталған өндіріс орны жылына 6 млн тонна өнім шығарады. Зауыт жыл басынан бері 3,58 миллион тонна мұнай өңдеген. Бүгінде дизель отынының тәуліктік өндіріс көлемі 6,4 мың тоннаға жеткен. Міне, зауыттың осындай толағай табысқа қол жеткізуіне сол мекемеде еңбек етіп жүрген қызметкерлердің қосқан үлесі зор.Мұндағы әрбір маман жауапткершілікті сезінетін, өз ісінің шеберлері. Әсіресе, зауыттаң зертхана бөліміне жүктелер жүк көп. Себебі өндірілетін өнімнің сапасы осындағы мамандарға тікелей байланысты. Зертхана бөлімінде еңбек етіп жүрген Гүлжан Қарақұлова мұнай өнімдерінің құрамын тексеріп, сапасын бақылайтын білікті маман. Ол өз мамандығын мақтан тұтатынын айтады. «Сынау зертханасы қазіргі кезде заманауи жаңа Эвропалық қондырғылармен жабдықталған. Зертхана бөлімінің арнайы кабинетінде технологиялық қондырғыдағы газдарды, бензинді бақылаймыз, олардың көмірсутек қоспаларын анықтаймыз. Биыл бензин құрамын анықтайтын қондырғы мен атомник деген қондырғы алдық»,- дейді ол.
Шымкент мұнай өңдеу зауытының цех басшысы Нұрлан Изенов зауыттағы еңбек өтілі жоғары, білімді, қажырлы мамандардың бірі. Ол өз ісін бес саусағындай білетін жан. Айтуынша соңғы жылдары зауыттың көкжиегі кеңейіп, қуаты арта түскен. «Зауыттың дамуына қомақты инвестиция салынып келеді. Соңғы ірі жаңғырту жобасының құны 1,85 миллиард долларын құрады. Нәтижесінде өнім сапасы Еуро-4 және Еуро-5 стандарттарына сәйкестендірілді. Ауыр мұнай қалдықтарын қайта өңдеуге мүмкіндік беретін каталитикалық крекинг қондырғысы іске қосылды. Мұнайдың қалдығы болып ексептелетін мазутты әрі қарай вакум жағдайында өңдеп, одан каталитикалық крекинг қондырғыға шикізат ретінде беріледі. Мазуттан қалған өнімнен жеңіл өнімдер шығарылады. Яғни бензин мен дизель отыны шығарылады»,- дейді кейіпкеріміз.