Қай кезеңде болмасын елдің дамуы, қала мен ауылдың өркендеуі – қарапайым еңбек адамынан басталады. Шымкент қаласында да түрлі салада маңдай терін төгіп жүрген жұмысшы мамандар аз емес. Ол жандардың еңбегі көзге көп көріне бермегенімен, олардың қолтаңбасы қаланың әрбір жетістігінде бар. Әрбір салынған жолда, бой көтерген ғимаратта, абаттандырылған аймақта, халыққа жасалған игілікте – сол еңбек адамдарының маңдай тері мен табанды еңбегі жатыр.
Мейрамкүл Бекбосынованың тазалықшы болып жұмыс істегеніне жеті жылдан асқан. Қазір «Кazstroy» ЖШС-да еңбек етеді. Үшінші мегаполистегі Абай ауданының көшелерін сыпырып, күл-қоқыстан тазалайды. Таңнан кешке дейін ерінбей, тазалық жұмыстарымен айналысатын ол бізге жұмысы, отбасы туралы айтып берді.
«Еңбектенген адам далада қалмайды. Жұмыстың оңайы жоқ. Барлық жерде қиындық болады. Біз жазда қоқыс жинаймыз, қыста қар тазартамыз. Қуанатынымыз, жұмысқа келер кезде, қайтарда мекеменің көлігі үйімізге апарып тастайды, қажетті арнайы киімдерімізді алып береді. Басшылық мереке сайын сыйақы тағайындап, қызметкерлерге құрмет көрсетіп жатады. Соған ризамыз. Ешкімге қол жаймай, осылай еңбек еткенді дұрыс көремін. Осылайша үй мен түз тірлігінен қол үзбей келе жатырмын», — дейді ол.
Кейіпкеріміз үш жылдан бері шөп орумен айналысып келеді екен. Айтуынша бұл оңай шаруа емес. Себебі шөп оратын аппараттың әжептәуір салмағы бар. Нәзік қолдарымен ауыр техниканы игеріп жүрген маман өзінің жұмысын жақсы көретінін айтады.
«Таңғы алтыдан бастап жұмысқа дайындаламыз. Базаға келіп, құрал саймандарымызды дайындаймыз. Жұмысым өзіме ұнайды. Алғашқыда көше сыпырудан бастадық, кейіннен шөп оруға ауыстым. Аппарат ауыр, қиындығы болады. Майын дұрыс құю керек. Балам бар. Ұлыма үнемі адал еңбек ет, біреудің ала жібін аттама, еріншек болма деп ақылымды айтып отырамын»,- дейді ол.
Кейіпкеріміз еңбек ететін «Кazstroy» қаламыздағы тазалыққа жауап беретін өзге де серіктестіктер сияқты жолдар мен көшелерді, тұрғын үйлер аумағын санитарлық тазалап, абаттандыру жұмысымен айналысады.
Жұмысшы мамандардың ерен еңбегі болашақ ұрпаққа үлгі, өңіріміздің жарқын болашағына негіз. Шымкент қаласында еңбек етіп жүрген әрбір жұмысшыны біз құрметтейміз, олардың қажырлы еңбегін мақтан етеміз.Себебі шаһардың өркендеуі сол адал еңбекке тікелей байланысты.