Адамзат баласымен бірге жасасып келе жатқан дәрігер, мұғалім, шаштараз, зергер секілді мамандықтармен қатар жаңа ғасырдың есігін заман талабына сай жаңа мамандықтар ашты. Солардың ішінде халыққа қызмет көрсету бағытында көптеген қызмет түрлері, мамандық, кәсіп түрлері пайда болды және олар бүгінде сұранысқа ие. Ия қай мамандық, қай сала болмасын барлығы да елге, халыққа қызмет етуде. Адал еңбектің иелері қашанда құрметке лайықты.
Шымкент қаласы - салт-дәстүрді берік ұстанған жандардың, сондай-ақ заманға бейімделген жастардың шаһары. Жазы ұзақ, қысы қысқа өңірде той-думан толастаған емес. Міне, осындай керемет кештердің басы-қасында жүріп, адамдарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап жүретін маманның бірі – Жандос Дарханов.
Бүгінде аты мен заты елге мәлім «Show Today» агенттігі Шымкент филиалының жетекішісі. Тұрғындардың қуанышына ортақтасып жүрген маман жұмысының мәнін түсіндіріп берді.
«Бала күнімнен адамдарға қуаныш сыйлағанды ұнататынмын. Осы салаға келуіме осы бір қасиетім түрткі болды. «Show Today» агенттігінің қызметі – түрлі іс-шара, жиын, той-думандарды ерекше етіп ұйымдастырып беру. Мысалы жиналған қауымды екі командаға бөліп, интеллектуалды сайыс ұйымдастырамыз. Мұндағы мақсат жеңіс емес, адамдардың көңілін көтеру. Біздің жүргізушілер тек қана үлкен, маңызды іс-шараларды, тойларды ғана емес кішірім той-томалақ пен жиындарды да жүргізеді. Бірт командада жүргізуші оның көмекшісі және диджей болады. Бізде әр түрлі бағдарламалар бар. Айталық кішкентайларға арналған шоу бар, «Show Today Black» – ең шектен тыс эмоцияларғa дайын жандар үшін ұйымдастырылады. Ал «квиз мафия» – жұмбақтарды шешуді және логиканы сынауды ұнататындарға арналған бағдарлама. Белсенді тимбилдинг, ашық аспан астындағы шараларды да ұйымдастырамыз Тәжірибемде кездескен ең ұзақ бағдарлама 8 сағатқа созылған болатын. Біздің мамандарымыздың қызметіне жүгінге жандардың ештеңеге алаңдамауын қамтамасыз етеміз. Той соңында адамдардың шынайы күлкісі мен атқан алғыстары маған кәдімгідей күш-қуат береді. Мен өз жұмысымды, мамандығымды жақсы көремін. Жалпы көпшіліктің ортасында жүргенді, адамдармен жұмыс істегенді ұнатамын»,- дейді кейіпкеріміз.
Жандос Маратұлының айтуынша Шымкентте дәл осындай 4 команда бар. Олар бүгінде қалтықсыз халыққа қызмет көрсетіп келеді.