Заман өзгеріп, жаңа мамандықтар пайда болса да, бүгінде атакәсіптен қол үзбеген жандар жетерлік. Айталық шымкенттік Қожабек Сәдібеков отыз жылға жуық ғұмырын қазақтың киелі қара домбырасын жасауға арнаған. Осы аралықта ол 500-ден астам аспап дайындаған. Ұлттық өнерді дәріптеп жүрген шебер домбыраның ағашы мен қиынына аса назар аударады. Себебі оның қоңыр үнінің күмбірлеп шығуы осыған байланысты. Ол - домбыра жасаудың шебері ғана емес қос ішекте өзі де ойнайды. Әрбір туындысын жасап болған соң, шертіп, тексеріп алатыны бар. Ол домбыраны адамдардың жас ерекшелігіне сай жасайды
«Жас балалар алғаш домбыраны үйренген кезде домбыраға қолдары жетпей жатады. Осыны секеріп «Алақай» деген домбыраны жасадым. Оның беті Жамбыл домбыраға ұқсас. Арқасынан қарасаңыз Абай домбыраға келеді. Бірақ Абай домбырадан үлкендеу Жамбыл домбырадан кішілеу. Жайпақтау болғандықтар балалардың қолына шақ келеді»,- дейді шебер.
Кейіпкерімізге мұндай қасиет нағашы атасынан дарыған көрінеді. Домбыра жасаудан алдын ер тоқым жасап үйреніпті. Домбыра жасаудың басты алғышарты ағашты дұрыс таңдау екенін айтады.
Жергілікті ағаштардан жаңғақ немесе қарағашты пайдаланамын. Сонымен қатар Канада мен Индонезиядан келетін қызыл ағаш, венге, палисандр деген ағаш түрін алдыртамыз. Ең бастысы ағаш әбден кептірілуі тиіс. Яғни, арасында сөлі, шайыры болмаған дұрыс. Домбыраның әрбір бөлігі бір-біріне тәуелді. Сондықтан шанағы да, мойны да, беті де, ішегі де, бәрі-бәрі мықты болуы керек. Сонда дыбыс бояуы қанық, үні таза шығады. Бұрын домбыраның ішегіне малдың ащы ішегін пайдаланған ғой. Ішекті тазалап, екі-үш күн тұзға салып қойып, жайлап кереді. Бір-біріне өріп, шиыршықтап, ширатады. Өте жіңішке болғанымен күй күмбірлеп шығады. Екі-үш домбырама малдың ішегін қолданғанмын. Бірақ ол ұзақ шертуге жарамайды, тез үзіліп қалады. Біз қазір германиялық жасанды ішекті пайдаланамыз.
«Ағаштың да жаны бар. Ыстықты да суықты да қабылдайды. Сондықтан домбыраны арнайы қаптауында күтіп ұстаған дұрыс. Ал суықты бойына сіңірген домбыраның дауысы өзгеріп кетеді»,- дейді ағаш ұстасы.
Шебердің қолы ортақ демекші, еңбекқор Қожабек ағамыздың бүгінде тәрбиелеп жүрген шәкірттері көп. Ұстаханасы жас жеткіншектерден босаған емес. Шәкірттері ұлттық аспабымызды ғана емес қазақы нақыштағы ұлттық бұйымдарды да жасап жүр.