Қоғамның қозғаушы әрі дамытушы күші күні-түні ел үшін қызмет жасап жүрген еңбек адамдары екені даусыз. Жұмысшы мамандарсыз мына өмір сұрықсыз болары сөзсіз.
Адам өміріне жауапты медицина мамандарын даярлау аса күрделі, жауапты әрі мәртебелі қызмет. Осындай сапалы білім мен медициналық кадрларды даярдаудағы үлесі зор тәжірибелі маманның бірі - Ләйла Серікова.
Ләйлә Ергешқызы-Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасына қарасты шаруашылық жүргізу құқығындағы «Жоғары медицина колледжі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында 2004 жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда Анатомия-физиология пәндері бойынша оқу-әдістемелік бірлестігінің төрайымы, «Педагог-зерттеуші» кәсіби санатына ие. 1997 жылы Шымкент медицина колледжінің «Мейірбике ісі» мамандығы бойынша білім алып, 2003 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын «Педиатрия» мамандығы, ал 2004 жылы Шымкент қаласындағы №6 балалар ауруханасында интернатураны аяқтаған.
Еңбек жолы 2004 жылы Шымкент медицина колледжіне арнайы пәндер оқытушысы ретінде бастап, кейіннен анатомия және физиология пәндері бірлестігінің төрайымы, «Емдеу ісі» бөлімі меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарады. Үнемі ізденісте жүретін маман 2023 жылы – «Педагог-зерттеуші» біліктілік санатын иеленеді.
Шәкірт тәрбиелеп әрі ғылым жолын қуған ұстаз бірнеше авторлық жұмыстарды жазған. Айталық ол «Анатомия (ЭЕМ-ге арналған бағдарлама)» электронды оқу құралының авторы. Ол – болашақ медицина мамандарын даярлауда сапалы білім беруге, олардың шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін дамытуға бағытталған жұмыс атқарып жүрген білікті педагог. Көпжылдық тәжірибесінің нәтижесінде халықаралық және республикалық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларының жеңімпаздарын дайындаған. 2023 жылы Жамбыл облысы әкімдігі ұйымдастырған «Анатомия және физиология үздігі – 2023» республикалық байқауында «ATLAS» тобына жетекшілік жасап, бас жүлдеге ие болған.
Білікті ұстаздың ерен еңбегі де бағаланып жүр. Ләйлә Ергешқызы 2018 жылы ОҚО Денсаулық сақтау басқармасының «Құрмет грамотасымен» , 2020 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған.
Ләйла Ергешқызы – жаңашыл, ізденімпаз, кәсіби құзыреті жоғары, ұрпақ тәрбиесіне аса зор үлес қосып жүрген педагог.