Балаларға шипа, ата-анаға сенім сыйлаған дәрігер

    image.png 

 Әр мамандықтың өзіндік қиындығы бар екені даусыз. Бірақ солардың ішінде дәрігерлердің еңбегі бөлек. Әсіресе, балалар дәрігерінің қызметі  төзімділікті, сабыр мен мейірімді талап ететін ең күрделі саланың бірі. Неге дейсіз бе? Себебі, ересек адам өзінің қай жерінің ауырып тұрғанын айтып бере алады, ал кішкентай бала мұндай мүмкіндікке ие емес. Ол тек жылайды, мазасызданады, кейде дәрігерді көрсе, қашқақтап, қорқып қалады. Бала бойындағы дертті оның көзінен, қимылынан, демінен аңғару нағыз білікті дәрігердің қолынан келетін қасиет.

        Ал енді баланы жетектеп келген аналарды айтпай кету мүмкін емес. «Бауыр етім — балам» деп шырылдаған ананың әрбір көз жасында, әрбір сөзінде алаңдаушылық, жан күйзелісі жатыр. Бала қиналса  анасы да қиналады, бала ауырса  анасы бірге ауырады. Осындай сәтте дәрігердің міндеті тек ауруды анықтап, ем тағайындау ғана емес, ананың жүрегін жұбатып, сенім сыйлау. Сондықтан балалар дәрігері бір ғана науқасты емес, бірнеше жанды қатар қабылдайды. Баланың жанын емдейді, ананың жүрегін жұбатады, кейде әкенің алаңын сейілтіп, сұрақтарына жауап береді. Осындай қасиеттерді бойына сіңірген, қазіргі таңда талай баланың өміріне жарық сыйлап жүрген мамандардың бірі, балалар дәрігері-гастроэнтеролог  Нұргүл Мақсымбайқызы.

       Әрбір қазақ «Ауру – астан» деген тәмсілдің астарында үлкен мән жатқанын біледі. Шынында да, денсаулықтың кілті дұрыс ас пен дұрыс күтімде. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз  тамақтан туындайтын дерттерді емдеуге өмірін арнаған дәрігер.

       Балалар дәрігері болу  оның бала кезден көкірегіне ұялаған асыл арманы еді. Өскен ортасы, нағашы жұрты берген тәрбие болашақ жолына бағыт болыпты. «Біздің әулетте дәрігерлер көп еді. Әсіресе, нағашы ағам кішкентайымнан дәрігер болуға баулыды. Тіпті төрт жасымнан бастап үстіме ақ халат кигізіп, болашақ маман ретінде тәрбиеледі деуге болады», – деп еске алады Нұргүл ханым.

        Әр арманның өзіндік бастау жолы бар. Нұргүлдің дәрігер болсам деген балауса арманы мектеп бітірген жылы жаңа белеске қадам басты. 2007 жылы ол жалпы медицина мамандығына оқуға қабылданып, жеті жылдық тынымсыз еңбектің нәтижесінде 2014 жылы ақ халатты асыл арманын жүзеге асырды. Білімге деген құштарлық пен ізденіске толы жылдар мұнымен шектелмеді. Ол алғанын азсынбай, білігін шыңдау мақсатында резидентураға түсіп, 2016 жылы толыққанды дәрігерлік жолға аяқ басты.

        Еңбек жолындағы алғашқы қадамды Нұргүл облыстық балалар клиникалық ауруханасынан бастады. Мұнда ол бас дәрігер-педиатр ретінде талай сәбидің саулығына себепші болды. Балаларға деген шексіз мейірімі мен кәсіби біліктілігінің арқасында аз уақыт ішінде ұжымның сеніміне ие болып, ата-аналардың алғысына бөленді.

      Уақыт өте келе ол тәжірибесін кеңейтіп, Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасына ауысты. Бұл жолы балалар гастроэнтерологы ретінде жаңа міндетті мойнына алды. Оның бұл шешімінің де өзіндік себебі бар.

– Қазіргі таңда балалар арасында дұрыс тамақтанбаудың салдарынан ас қорыту жүйесі сыр беретін аурулар жиілеп барады. Балалардың денсаулығына алаңдаймын. Сол себепті осы бағытты таңдауды жөн көрдім, – дейді ол.

     Шынында да, бүгінгі күнде балалар арасында ең жиі кездесетін дерттің бірі  гастрит. Бірақ дәрігердің пайымынша, емнен бұрын алдын алу әлдеқайда маңызды.

– Қиындығы  балаларға дұрыс тамақтануды үйрету, оны әдетке айналдыру. Бұл жерде тек балаға емес, ата-анаға да үйретуге тура келеді, – дейді маман.

     Нұргүл Мақсымбайқызының айтуынша, көп ата-ана баласының жағдайына алаңдап, қатты уайымға беріледі. Мұндай сәтте дәрігердің міндеті дәрі жазып беру ғана емес, рухани тұрғыдан қолдау көрсету, сенім ұялату.

– Әрбір ата-анаға қолдау көрсете білу  біздің жұмыстың ең маңызды тұсы. Өйткені баланың сауығуы оның жанындағылардың сеніміне де тікелей байланысты, – дейді дәрігер.

      Күрсіне отырып дәрігерлік қызметіндегі ең ауыр сәттердің  бірі еске алды. – 15 жасар баланың бауыр циррозына шалдығуы әлі есімнен кетпейді. Асқынған дерттің салдарынан оны емдеу өте қиынға соқты. Бала болсада күн сайын құран аяттарын оқып, қолдан келгеннің бәрін жасады. Бұл жағдай жүрегімде ерекше із қалдырды, – дейді ол толғана.

     Дегенмен, әрбір ауырлықтың артында қуаныш та бар. Дәрігер үшін ең үлкен марапат  емделіп шыққан балалардың қуанышы.

– Баланың шат күлкісін көру ең үлкен қуаныш. Сол сәтте барлық қиындық пен шаршау ұмытылады, – дейді абзал жан.

      Бүгінде ол мыңдаған баланың сауығып, өмірге қайта оралуына себепкер болды. Жүздеген ата-ананың алғысына бөленіп, жүрек жылуын арнады. Ол үшін ең үлкен марапат  балалардың шексіз күлкісі мен ата-аналардың ақ батасы. Ақ халатты абзал жанның осындай өмір жолы  адамгершіліктің, табандылық пен кәсібиліктің айқын көрінісі.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Поддержка гражданами политического курса Президента Токаева остается на высоком уровне
  • Ел арасында Президент Тоқаевтың саяси бағытын қолдау жоғары деңгейде сақталып отыр
  • Шымкент қаласында «Келешек мектебі» үлгісіндегі жаңа мектеп іске қосылды
  • Балаларға шипа, ата-анаға сенім сыйлаған дәрігер
  • Дуальді оқыту – кадрлар даярлаудағы жаңа мүмкіндіктер
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер