Биыл еліміздің Президенті еңбекті жоғары бағалап, 2024 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл бастама қарапайым, бірақ аса маңызды кәсіби мамандардың еңбегін дәріптеп, олардың қоғамдағы рөлін ерекше атап көрсетуге арналған. Сол адал еңбекқор жандардың бірі Дилсара Юлдашева.
Дилсара Юлдашева 1974 жылы 26 қазанда Түркістан облысы, Сайрам ауданында дүниеге келді. Бала күнінен еңбекке баулынған ол өмірдің әр сәтін жауапкершілікпен өткізуге үйренді. Жастайынан адалдық пен ұқыптылықты бойына сіңірген ол 1992 жылы Сайрам өнер кәсіптік училищесін тәмамдап, алғашқы еңбек жолын сауда саласында бастады.
2014 жылы Дилсара Юлдашева Шымкент қаласы №3 қалалық ауруханасының жан сақтау бөлімшесіне тазалықшы болып орналасты. Күрделі әрі жауапкершілігі мол жұмыс оны жалықтырған жоқ. Керісінше, әр бөлменің тазалығына ғана емес, науқастардың жайлылығына да ерекше мән беріп, әр бөлшекті мұқият бақылады. Үш жылдың ішінде қажырлы еңбегі мен адалдығы бағаланып, 2017 жылы бөлімшенің шаруа бикесі лауазымына көтерілді.
2020–2021 жылдары бүкіл әлемді дүр сілкіндірген COVID-19 пандемиясы медицина саласына ауыр сынақ әкелді. Сол қиын кезеңде Дилсара Юлдашева науқастарға көмектесуге бар күшін салды. Қорғаныс костюмін шешпестен, өз денсаулығын қатерге тігіп, ауыр халдегі науқастардың өмірін сақтау үшін күресті. Оның жанқиярлығы нағыз ерлік пен кәсіби шеберліктің көрінісі болды.
Дилсара Юлдашеваның адамгершілігі тек жұмыста ғана емес, күнделікті қарым-қатынаста да көрінеді. Ол әрқашан көмектесуге дайын, әріптестеріне қолдау көрсетіп, науқастарға жылы шырай танытады. Қоғамдық шараларға белсенді қатысып, айналасына жақсылық таратуға тырысады. Осы қасиеттері үшін оған бірнеше рет алғыс хаттар мен грамоталар берілген.
Дилсара Юлдашева нағыз еңбек адамының жарқын үлгісі. Оның жанқиярлығы, адалдығы және қажырлы еңбегі медицина саласына ғана емес, қоғамға да үлгі. Мұндай адамдардың еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Олар біздің тыныштығымыз бен қауіпсіздігіміздің тірегі, науқастарға көрсетілетін қамқорлықтың негізі, жүрегі мейірімге толы нағыз азаматтар. Әр күннің қарапайым сәтінде де адал еңбектің құндылығы көрінеді. Дилсара Юлдашева сияқты жандардың арқасында қарапайым істердің өзі өзгелерге үміт сыйлап, сенім оятады. Олардың жан жылуы мен адалдығы келешек ұрпаққа үлгі болып, қоғам үшін шынайы құндылыққа айналады. Ең бастысы мұндай адамдардың еңбегі мен мейірімі күнделікті тіршілікте көрініп, өзгелерге шабыт береді.