Ауруханаға таңғы мезгілде бір жеңіл хош иіс тарайды. Сол иістен-ақ ас таратушы апайдың келе жатқанын сезесіз. Таңмен тұрып, ас әзірлейді, ел-жұрт әлі ұйқыда жатқанда ол өз міндетін атқара бастайды. Есіктің ашылуымен бірге бөлмеге кіріп, науқастардың көңілін бірден көтеретін жылуын әкеледі. Бір-екі минут ішінде ол өз мейірімін бөлісіп, бөлмеге шуақ шашып, қуаныш сыйлайды. Жылудың, мейірімнің, жай сөздің ешқандай дәріге де баламасы жоқ екенін дәлелдейді. Бүгін біз осындай маман туралы сөз қозғаймыз.
Гүлнар Оспанова 1966 жылы 23 маусымда Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Шапырашты ауылында дүниеге келген. Бала кезінен еңбекқор, мейірімді, айналасына көмектесуге дайын болды. Ол әрқашан жауапкершілікті бағалап, айналасындағыларға жылы жүрегін төгіп өсті. Айналасындағылар оның әрқашан адал әрі қарапайым болатынын мақтап айтады.
1985 жылы орта кәсіптік техникалық училищені «Азық-түлік өнімдерінің сатушысы» мамандығы бойынша тәмамдаған Гүлнар еңбек жолын бастап, қарапайымдылығы мен адалдығымен ерекшеленді. 2017 жылы ол бұрынғы ОҚО Білім басқармасына қарасты «№6 колледжде» тазалықшы болып қызмет атқарды. Ал 2021 жылдан бастап еңбек жолы басқа арнаға ауысып, №3 қалалық аурухананың нейроинсульт орталығында ас таратушы ретінде қызмет ете бастады.
Ас таратушы болу тек тамақ беру емес, әр науқастың көңілін түсіну, оларға қолдау көрсету, аурухана тыныштығын сақтау дегенді білдіреді. Гүлнар апай таңмен тұрып ас әзірлейді, науқастарға қол созып, олардың көңілін көтереді. Оның қарапайым әрекеттері аурухананың күнін жарықтандырады, науқастарға үміт береді, әріптестер арасында ынтымақ орнатады. Көп жылғы адал еңбегі үшін Гүлнар Оспанова бірнеше мәрте алғыс хаттар мен грамоталарға ие болды. Бірақ ең басты марапаты науқастардың шынайы ризашылығы мен әріптестерінің құрметі. Ол үшін еңбектің мәні атақ немесе марапатта емес, адамдарға пайда тигізуінде.
Биыл елімізде Президенттің бастамасымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл бастама қарапайым қызметкерлердің еңбегін дәріптеу, олардың қоғамдағы рөлін айқындау, әрбір адамның еңбегі бағалы екенін сездіру үшін жасалған тарихи қадам. Шын мәнінде, жұмысшы мамандықтары – ел дамуының тірегі, қоғамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін арқа сүйер күш. Оларсыз қала тыныс алмайды, аурухана тыныштық таппайды, мектептер мен өндіріс орындары толық жұмыс істей алмайды. Мұның айқын дәлелі Гүлнар Оспанова. Оның қажырлы еңбегі мен адалдығы қоғамның шынайы байлығы.