Бір отбасын аман алып қалған слесарь

image.png

     Көзге көп көріне бермейтін, бірақ оларсыз халықтың тұрмыс-тіршілігін елестетуге болмайтын мамандықтар бар. Олардың бірі – слесарь жұмысы. Асқан шеберлік пен қажырлы еңбекті қажет ететін бұл мамандық иелерін – нағыз еңбек адамдары деп айтуға болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды» деп атап өтті. Шымкентте  көп жылдан бері өз кәсібімен адал айналысып жүрген жұмысшылардың бірі -  Ермахан Маңқараев. Ол «QazaqGaz Aimaq» АҚ Шымкент өндірістік филиалының апаттық-диспетчерлік қызметінде  слесарь болып қызмет атқарады. 

    «Жұмысымыз өте жауапты. Мұнда қателесуге болмайды. Әйтпесе барлық қалаға зияны тиіп кетуі мүмкін. Сондықтан біз қызметімізге мұқият қараймыз. Десе де, жұмысым өзіме ұнайды. Мен бұл мекемеге 2005 жылдың желтоқсан айында  жұмысқа орналасқан болатынмын.   Міне, сол уақыттан бері осындай табан аудармай еңбек етіп келемін»,– деп еңбек адамы ағынан жарылды.

     Тәжірибелі маман өзінің негізгі міндеттерінен бөлек жас мамандарға қамқорлық көрсетіп, білгенін үйретеді. Оның айтуынша, бұл салада жақсы маман болудың сыры – күнделікті жұмыстың қыр-сырын үйренуге талынып, тәжірибе жинау.

    Қарапайым слесарьдің аты өткен жылы бүкіл республикаға танылған болатын. Оның қызметіне адалдығы мен ерлігі оның даңқын шығарды.  Былтыр 14 қазанда ол көршісінің өтінішімен пәтердегі газ жабдықтарын тексеру кезінде көміртегі тотығының жоғары деңгейін анықтап, шұғыл әрекет еткен. Есікті қосалқы кілттермен ашқан кезде балалар ес-түссіз, ал анасы ауыр күйде жатқан. Ермахан Манқараев көміртегі тотығы деңгейін тексергеннен кейін құрылғыларды бірден ажыратып, терезелерді ашып, балаларды құтқара бастаған. Тыныстары тарылған жас балаларға жасанды дем беріп, жанама жүрек массажын жасағаннан соң ғана оларда тыныс байқалған.  Оқиға орнына шұғыл жеткен дәрігерлердің айтуынша, газ маманының сауатты іс-әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алған. Отбасы ауруханаға ауыр халде, көміртегі тотығымен уланып түсті. Шымкентке Астанадан қонаққа келген отбасы өздеріне көмектескен жандардың барлығына алғыстарын білдірді. 

     Газ саласы маманының батылдығы мен кәсібилігі үшін қала әкімінің қолынан марапат алды. «Бір отбасының аман қалғанына өзім қуанышты болдым. Сондықтан тұрғындардан қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырамын. Халқымыз аман болсын, біз ел үшін халық үшін қызмет етеміз»,- дейді кейіпкеріміз. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шымкенттік ұстаздар медаль тағынды
  • Тағдырға мойымаған чемпион
  • Болашақ аспаздар мамандықтарын ұлықтады
  • Шымқаланың студенттері оқ бойы озық шықты
  • Ағаштарға күтім жасау - оның сүйікті ісі
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер