Шымқаламызда өз кәсібіне адал, қоғамның дамуына үлесін қосып жүрген еңбек адамдары аз емес. Солардың бірі - “Asia trafo” зауытының техникалық директоры - Дәуірбек Атеев. Дарынды инженер, білікті маман аталған зауытта 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Айтуынша инженер мамандығына бала күнінен қызыққан. Кейіпкеріміздің басты артықшылығы ол үнемі ізденіс үстінде, жаңашылдыққа құмар және өз саласына жаңалық енгізуді мақсат тұтқан.
«Инженер мамандығына қатты қызықтым. Мектепті бітіріп, ойланбастан осы мамандықты таңдадым. Шымкенттегі “Asia trafo” кәсіпорны мен үшін үлкен өмір мектебі, тәжірибе алаңы мен өз мүмкіндігімді көрсетудің ордасына айналды. Өз саламның үздігі болу үшін мен көптеген әдебиеттерді, салаға қатысты кітаптарды оқыдым. Инженерия, оның ішінде электр саласына қатысты, трансформатор құрастыру бағытына қатысты көптеген еңбектерді зерттедім, тың ақпараттарды іздедім, есептерді жүргіздім, сызбаларды сыздым. Еңбегім еш кеткен жоқ. Сапалы өнім шығаруға өз үлесімді қосып келемін. Инженер маманының басты артықшылығы да осы болуы керек. Яғни көп ізденіп, көп еңбектенген дұрыс. Себебі технология бір орында тұрмайды. Заман ағымынан қалмай, үнемі біліміңді жетілдіріп отырсаң жетістікке жетесің. Нағыз маман осылай жетіліп, шыңдалу керек. Мен өз мамандығымды жақсы көремін және мақтанамын. Сол секілді әрбір маман өз кәсібімен, мамандығымен мақтанса деймін. Ең бастысы кім болсаң да, қандай жүмыс істесең де алға мақсат қойып, сол мақсатқа қиындықтарға қарамастан жету керек»,- дейді кейіпкеріміз.
Аталған зауытта он жылға жуық табысты еңбек етіп келе жатқан маман 2018 жылы Украинада біліктілігін жетілдіріп, үйренген тәжірибесін зауытта қолданысқа енгізген.
«Біздің мекеме жас мамандарға ерекше көңіл бөледі. Қызметкерлердің біліктілігін жоғарылату үшін басшылық оқу курстарына жіберіп тұрады. Одан бөлек біздің зауыт Шымкент қаласындағы энергетика, трансформатор құрастыру саласы бойынша бірден бір тәжірибе жинау алаңына айналған. Бізге қаладағы бірнеше оқу орнының студенттері келіп, практикадан өтеді. Біз жастарға барынша осы саланы меңгеруге және осы мамандыққа қызығушылықтарын арттыруға ат салысып жатырмыз»,- дейді инженер.
Инженер – ғылыми жаңалықтарды өнеркәсіпке енгізіп, өмір сапасын жақсартуды көздейтін жоғары білім және білікті кәсіп. Инженер – материалдар мен құрылғыларды есептеу әдістерін терең меңгерген, соны сауатты сызып, оқи алатын маман. Сондай-ақ ол – техникалық жобалау жөнінде ұсыныс беріп, өнеркәсіп, техника, технология, т.б. нысандар құрылысының техникалық-экономикалық негіздемелерін жасайтын, техникалық құжаттарды әзірлейтін, конструкциясын талдайтын, іске қосуға дейінгі жұмыстарын реттейтін жоғары интеллектуалдық-инновациялық мамандық. Инженер – қолда бар мүмкіндіктің тиімді жаңа әдісін есептеп, қажетті жоба шешімін табушы.
Дәуірбек алған білімі мен тәжірибесін Қазақстан Республикасының жоғары технологиялық және энергетика саласын дамытуға үлес қоса отырып, нақты өндірістік жағдайларда табысты қолданып отырған білікті маман.