Бауыржан Әлтеев: Масылдықпен күрес – қоғам дамуының басты шарты

image.jpeg  

«Жалқаудың жауы - жұмыс» демекші, бүгінгі таңда өкінішке қарай елімізде еңбек етіп, жұмыс істеудің орнына, мемлекеттің көмегіне күн көріп, үкіметке алақан жаюшылар көбейді. «Алма піс, аузыма түс» дейтіндер ай сайынғы жәрдемақыны талғажау етіп, «жұмыс жоқ» дегенді сылтауратады. Әйтпесе,  мемлекет мүмкіндігі жоқ жандарға әртүрлі әлеуметтік төлем мен жәр¬демақыларды тағайындап, жұмыс-сыз¬дықпен күрес те жүргізіп келеді. Сондай-ақ, білімі жоқ адамдардың кәсіп¬тік оқуына жіті көңіл бөлініп, шағын және орта бизнес өкілдеріне жасалатын жағдай да молайды. Бірнеше жылдан бері жастардың ел игілігіне жұмыс істеуіне жол ашылып, шетелде оқуына қомақты қаражат бөлініп жатыр. Шыны керек, жұрт үшін жасалатын мұндай жан-жақты көмек бүгінде экономикасы көш ілгері кеткен елдердің өзінде жоқ. Солай бола тұра кейінгі жылдары жұмысқа қабілетті адамдар мен келешегі бар мамандықтың иелері де мемлекет беретін игілікті пайдаланып қалудан кет әрі емес екенін көріп жүрміз. Бұл  қоғамға жабысқан дерттің бірі – масылдық. Тегін дүниеден үміттілер әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүдделеріне пайдаланып, май шелпекке айналдырған.

     Психологтардың пайымынша, масыл адамдар екі топқа бөлініп қарастырылады екен. Оның бірі нәрестелік стилде болса, екіншісі париналистік. Оның артында жалқаулық, еріншектік, сұраншақтық тұр. Масыл адамадар үшін отбасы құндылығы соңғы орында десек, артық айтпағанымыз болар. Айналасына қол жайып, пайда көруді ойлайтын жандар туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында кез-келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауапқа тартуымыз керек, деген болатын. Президенттің биылғы Жолдауында көтерген масылдық мәселесіне Шымкент қалалық кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Әлтеевтің де қосары бар. Ол Мемлекет басшысының  әлеуметтік масылдық туралы көтерген мәселесіне өз көзқарасын, пікірін ортаға салған болатын. Төрағаның айтуынша, Қазақстанның басты байлығы – еңбекқор халық. Еңбекке деген ынта жоғалса, қоғам әлсірейді, экономика да бәсеңдейді. Сондықтан әлеуметтік қолдаудың шынайы мақсаты – азаматтарды еңбекке ынталандыру, ал мұқтаж жандарға әділ көмек көрсету болуы тиіс. "Әлеуметтік жәрдемақылар мен түрлі жеңілдіктер шын мәнінде қиын жағдайда қалған адамдарға арналуы керек. Алайда кейде еңбекке қабілетті азаматтардың өздері мемлекетке «арқа сүйеп», жұмыс істеуден қашқақтап, дайынға үйреніп кететін жайттар бар. Тіпті қазір бала күтімімен үйде отыратын «декреттегі әкелер» де көбейді. Өзінің жұмыс істеуге мүмкіндігі болса тұра әйелін жұмысқа шығарып қойып, ал өзі үйде бала бағып, мемлекеттік жәрдемақыны күтіп отыратын күйеулерді мен намысы төмен, жалқау еркектер деп санаймын.  Бұл – әлеуметтік масылдықтың көрінісі. Мұндай құбылыс қоғамның дамуына, халықтың әл-ауқатына кері әсер етеді.  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында елдегі әлеуметтік саясаттың қазіргі ахуалына тоқталып, оны түбегейлі қайта қарау қажеттігін айтты. Оның айтуынша, шектен тыс жеңілдіктер мен жүйесіз төлемдер мемлекет қаржысын тиімсіз жұмсауға себеп болып отыр. «Мемлекеттің көз алдындағыдан басқаны көрмей, бәріне көне беретін әлеуметтік саясаты жүзден астам түрлі жеңілдіктің пайда болуына әкеп соқтырды. Осы жеңілдіктерді әперемін деп «көмек қолын» созатын жылпостар да көбейді. Біз әлі күнге дейін бұрынғы КСРО аумағындағы және одан тыс басқа да аймақтардағы қақтығыстарға қатысқан азаматтарға арнайы төлемдер жасап, медициналық қызмет көрсетіп келеміз. КСРО-ның ыдырағанына 35 жыл болса да, ардагерлеріміз барған сайын «жасарып», көбейіп барады. Мемлекет өзінің негізгі міндеттерін орындаудан бас тартпайды. Бірақ әлеуметтік жеңілдіктерді қолдан көбейту – елді дамытуға, яғни мектеп, аурухана, көлік инфрақұрылымдарын және басқа да нысандар салуға жұмсалуы қажет қыруар қаражатты желге шашу деген сөз. Кезінде біздегі «әлеуметтік саланың жанашырлары» толық емес отбасы деген жеңілдікке мұқтаж адамдар санатын ойлап тапқан еді. Соның салдарынан, ажырасқан отбасылар саны күрт өсіп, біз бір кезде бұл көрсеткіш бойынша әлемде «көш бастаған» елдердің қатарына қосылдық. Мұндай мысалдар аз емес. Осылайша, біз өзіміз жалқаулық пен масылдыққа жол беріп отырмыз», – деді Президент Жолдауында. Расында да Үкімет әлеуметтік салада оңтайлы шешім қабылдаудың орнына талай жылдан бері әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріп келеді.  Жәрдемақы үшін ажырасып кеткен талай отбасының бар екенін естіп, көріп жатырмыз. Заң жүзінде ажырасып кеткенімен, ерлі-зайыптылар бір шаңырақ астында мемлекеттің беріп отырған қаржысына күнелтіп жүреді. Бұл індет секілді қоғам арасында жылдам тарап кетті. Жеңіл ақша табудың жолы деп талай отбасы осы бағдарламаға қатысты. Шындығында көмекті қажет ететін осал топтарға бұл бағдарламалар, көмектер жетпей отыр. Себебі жылпостар олардың алдын орап кетуде. Масылдық - экономиканы тежеуші «күш» десек те болады. Масылдық бұл - еңбектен қашу. Қоғам - дамушы күш. Егер еңбек адамы жұмыс жасамайтын болса, еңбек етпей жеңіл жолмен ақша тапса қоғам алға жылжымайды. Жұмыстан қашу алаяқтықтың алғашқы баспалдағы. Қазір әлеуметтік көмекті алатын жастардың қатары артып бара жатыр. Ол қауіпті дүние. Жастар масылдыққа бейімделіп бара жатыр. Жастар еліміздің болашағы.  Егер олар бүгін оңай жол іздеп, әлеуметтік көмекпен күн көремін дейтін болса  ертең еңбек ететін азаматтар азайып кетуі мүмкін. Сондай-ақ, қазір әлеуметтік желіде ақыл айтатындар көбейіп кетті. Өздерінің тындырып отырған ісі жоқ, жұмысы жоқ жандар жастарға ақыл айтқан соң олар адасады. Қоғамда қариялар дұрыс сөйлеу керек. Ортаны тәрбиелейтін абыз ақсақалдар. Шымкент қаласында небір білімді, қоғам қайраткерлері бар. Сол кісілердің сөзіне ереуіміз керек. Еңбекке шақыратын, өзінің өмір жолы, еңбек жолын үлгі ете алатын жандарды жастарға жақындатуымыз керек. Мемлекетті талап-таражға салуға болмайды. Бұл үлкен мәселе. Сол үшін Мемлекет басшысы жасанды интеллект пен цифрландыру жұмысын пайдаланып, шұғыл түрде шынайы әлеуметтік көмекті  қажет ететін топтарды тауып, оларға  көмектің дұрыс  жетуін қадағалауды тапсырды»,- дейді Бауыржан Ілімшеұлы. 

 PB1uG5eYFmEfrMoyJRbFAG6lOjBz2Ck4zoX6MMEo.jpg       Бауыржан Әлтеевтің пікірінше, әлеуметтік масылдық – тек экономикалық емес, сонымен бірге рухани мәселе. Өйткені ол адамның өмірге деген көзқарасын, қоғам алдындағы жауапкершілігін төмендетеді. Ал еңбек – әрбір азаматты дамытатын, отбасына береке әкелетін, елдің ілгерілеуіне жол ашатын басты құндылық. Ол өз сөзінде масылдықтың алдын алудың бірнеше жолын айтты. 

Төрағаның айтуынша жастарды жастайынан еңбекке баулу, кәсіби білім алуға, жаңа дағдыларға үйретуге жағдай жасау, еңбек етушілердің құқығын қорғап, әділ жалақы мен лайықты еңбек жағдайын қамтамасыз ету патерналистік көңіл-күйді төмендетеді дейді. Кәсіподақтар ұйымының төрағасы еңбек адамын қолдау – тек әлеуметтік әділдіктің емес, мемлекеттің тұрақтылығының кепілі екенін жеткізді. Әлеуметтік саясатта тепе-теңдік сақталғанда ғана халықтың сенімі артып, әр азамат өзінің еңбегімен табыс табуға ұмтылады.

      Шымкент қалалық кәсіподақтар ұйымының басшысы еліміздегі еңбек нарығына, азаматтардың әлеуметтік жағдайына және қаржылық сауаттылыққа қатысты бірқатар маңызды пікірін білдірді. Төрағаның айтуынша, бүгінде қоғамда еңбек етпей-ақ, дайынға жүгінгісі келетін жандар аз емес. Бұл – ел дамуына кедергі болатын құбылыс. Кәсіподақ ұйымдары тұрғындарды адал еңбекке, өз күшіне сенуге және жауапкершілікке шақырып отыр. «Жалпы масылдық  бұл қоғамдағы теріс ұғым. Мемлекетке қызмет еткісі келмейтін, жұмыс жасағысы келмейтін,  оңай ақша тапқысы келетіндер мемлекетке масыл адамдар. Масылдық жастар арасында ғана емес ересектер арасында да тарап барады. Ұрпақ тәрбиелеп отырған адам мемлекеттің мойнына мініп отырса ол өз ұрпағына не тәрбие беріп отыр деген сұрақ мазалайды.  Бұл қоғамның қасіреті десек қателеспейміз. Біз жастарды  еңбекке баулуымыз қажет. Ал енді жастар әуес болған жеңіл табыстан бөлек несие деген проблема болды. Азаматтар банктен, түрлі ұйымдардан несие алып, той жасап, қарызын жауып жүре береді. Сөйтеді де үкіметке несиемді азайтып бер, жеңілдетіп бер деп отырады. Бұл халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігінен. Мемлекет басшысы Жолдауында  мұны да айтты.  Яғни елдің қаржылылық сауаттылығын шыңдау керек. Кәсіподақта осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Шымкент қаласынан «заң клиникасын» ашты. Онда кәсіподақ мүшесіне ғана емес жалпы әрбір қазақстандық азаматқа қаржылық сауаттылықты үйретеді.   Бұл көмек тегін жүргізіледі. Азаматтар үшін таңнан кешке дейін біздің есігіміз ашық. Заңға бағынатын, заңды құрметтейтін, заңмен жүретін азаматтарды тәрбиелеу - басты мақсатымыз»,- дейді ол. 

      Еңбек қауіпсіздігі – басты назарда. Өндіріс ошақтарында техника қауіпсіздігін сақтамаудан туындайтын жарақаттар әлі де кездеседі. Кәсіподақ ұйымы бұл бағытта жұмыс берушілермен бірлесе отырып, профилактикалық шараларды күшейтуде. Арнайы оқыту, түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. «Енді білесіздер кәсіподақ мүшесі  қандай да бір мекемеде жұмыс істейтін адам. Мекемеде басшы болады, қарапайым жұмысшылар болады. Қарапайым жұмысшының дауысы кейде басшыға жетпей қалып жатады. Сондықтан біз қарапайым жұмысшылардың, еңбек адамының жанайғайын тыңдау, мәселесін шешуге әрайым дайынбыз. «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі жанындағы «Заң клиникасы» кәсіподақ мүшелеріне тегін заңгерлік көмек көрсететін тиімді алаңға айналды. Бұл бастама кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттырумен қатар, олардың еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Клиника еңбек адамдарының тек жұмыс мәселесін ғана емес әлеуметтік, отбасылық мәселеге  қатысы жағдайларын да шешуге ат салысады.  Бұл Кәсіподақ федерациясының үлкен жетістігі»,- дейді ол. 

       Азаматтарды әлеуметтік қорғау – кәсіподақтың негізгі міндеттерінің бірі. Жұмысшылардың құқықтарын қорғау, еңбек шарттарын әділ орындау, жалақының уақытылы төленуін қадағалау – осы ұйымның күнделікті жұмысы. Сонымен қатар, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету, түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастыру дәстүрге айналған. «Мемлекеттік мекемелерде, оқу орындарында сауаттылықты арттыру сабақтарын өткізіп тұрамыз. Тағы бір қуантатын жәйт жақында ғана біздің жергілікті прокуратура құқық қорғау органдарының барлық ардагерлерін (қаржы полициясы, ішкі істер департаменті, прокуратура, «антикордың» ардагерлері) жинап,  «заң үйірмесін» ашты. Біз соның құрамындамыз. Біз қала мектептерін аралап, үлгілі өмір мен салауатты өмірден бөлек заң бойынша да тәрбиелік мәні бар үлкен жұмыстар атқарып жатырмыз. Әрбір азамат Отанын сүю керек. Әрбір азамат патриот болу керек. Отбасыда  баланы еңбекке, отаншылдыққа, адалдыққа тәрбиелеу керек. Бәрін мектепке жүктеп қоюға болмайды. Ата Заңымызда көрсетілгендей мемлекеттің басты құндылығы - адам. Ал адам адал жұмыс істеу керек. Ол үшін қоғам да адал болу керек»,- дейді Бауыржан Ілімшеұлы.

     Қарызға батып, несиеге тәуелді болып қалмау үшін әрбір азамат қаржылық сауаттылықты меңгеруі тиіс. Төраға бұл бағытта жастарды ерте жастан үйретудің маңыздылығын атап өтті. Ақша үнемдеу, дұрыс жоспарлау, табысты тиімді басқару – экономикалық тұрақтылықтың кілті. «Біз азаматтардың құқықтық санасын, қаржылық сауаттылығын арттыруға жолында  бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Мемлекетіміз өсіп, өркендеп келе жатыр.  Сол өркениеттілікті тежемес үшін масылдықты жоюымыз керек. Ешкімге тәуелді болмау ата-бабамыздың бұрыннан ұстанып келе жатқан өмір салты. Бұрын Кеңес үкіметі кезінде жұмыс жасамайтындарға айыппұл салатын, тіпті түрмеге отырғызатын. Бүгінгі таңда да жұмыс істемей, мемлекетке масыл болып отырғандарға бір шара қолдану керек»,- деп санайды төраға. 

         Бауыржан Әлтеев Астанада өткен ҚРКФ XXVII Съезінің тарихи маңызына, ондағы қабылданған нақты шешімдерге және кәсіподақ қозғалысының жаңа серпінге бет алғанына тоқталды. «Бұл съезд – жай есеп беру алаңы емес. Бұл – еңбек адамына бағытталған жаңа саясаттың бастауы. Әділ еңбекақы, қауіпсіз жұмыс орны, әлеуметтік әділеттілік – біздің басты бағытымыз. Кәсіподақтар енді жаңа деңгейде әрекет етеді», – деді Б.Әлтеев. Сондай-ақ, ол съезд шешімдерінің Шымкент қаласы кәсіподақ ұйымдарының қызметіне де тікелей қатысы бар екенін атап өтті. Ендігі міндет – еңбек қатынастарын цифрландыру, әлеуметтік қолдауды күшейту, жастар мен әйелдердің кәсіподақ белсенділігін арттыру. «2025 жылғы 11 шілде күні Астана қаласында өткен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының XXVII Съезі – еліміздің кәсіподақ қозғалысы тарихындағы ең маңызды оқиғалардың бірі болды. Съезд жұмысына Қазақстанның барлық өңірлерінен 227 делегат, сондай-ақ, әлемнің 40-тан астам елінен мәртебелі халықаралық қонақтар қатысты. Жиында 2020–2025 жылдар аралығындағы жұмыс қорытындыланып, алдағы бес жылға арналған даму стратегиясы қабылданды. Съезд қарсаңында, 9–10 шілде күндері Астанада Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бүкілеуропалық аймақтық кеңесі (ХКК БЕАК) ұйымдастырған Халықаралық Жазғы мектеп өтті. Мен бұл тарихи сәттердің куәсі ғана емес, тікелей қатысушысы болғанымды зор мақтанышпен айтқым келеді. Басты жаңалық – ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Даулеталин делегаттардың бірауыздан қолдауымен ҚРКФ төрағасы лауазымына қайта сайланды. Бұл – еңбек адамын қорғауға бағытталған ұстанымның, әділдік пен жүйелі еңбектің әділ бағасы. Съезге қатысқан шетелдік делегациялар Федерацияның халықаралық бастамаларына жоғары баға беріп, Қазақстан кәсіподақтарының әлемдік еңбек күн тәртібіне қосып отырған нақты үлесін атап өтті. Бұл сенім – жылдар бойғы қажырлы еңбектің жемісі. Біз не үшін жиналдық? Бұл форумдар мен Съезд – тек есеп беру немесе жоспарлау алаңы емес. Бұл – еңбек адамының тағдырын шешетін кеңістік. Бұл – әділет пен адал еңбектің үні. Астанада айтылған әрбір сөз, қабылданған әрбір шешім – еліміздегі әлеуметтік тұрақтылықты, ұжымдық келіссөздер мәдениетін, еңбек адамына деген құрметті арттыруға бағытталған нақты қадам. Бүгінгі таңда кәсіподақ – келіссөздің де, күрестің де, құрылыстың да ортасында. Ал біз – сол қозғалыстың бел ортасындағы сенімді серіктеспіз»,- деді ол өз сөзінде.

      Б. Әлтеев «Жұмысшы мамандықтарының жылы» туралы айтып,  жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы маңыздылығын атап өтті. Ол бұл жылды жұмысшылардың еңбегін құрметтеу, олардың әлеуметтік құқықтарын қорғау және кәсіби шеберліктерін арттыру мақсатында жарияланған маңызды кезең ретінде сипаттады. «Жұмысшы мамандықтары — біздің қоғамымыздың негізі. Оларсыз ешқандай экономикалық жетістікке жету мүмкін емес. Біз өз тарапымыздан жұмысшы мамандықтарына үлкен құрмет көрсетіп, олардың еңбегін бағалауымыз керек»,- деген ол биыл кәсіподақ үшін ерекше жыл екенін тілге тиек етті.  «Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны баршамызға мәлім. Бұл кәсіподақ үшін өте маңызды. Себебі Кәсіподақ Федерациясы  еңбек адамының  құқығын қорғайтын жалғыз ұйым. Биыл еліміздегі кәсіподақтар қозғалысының құрылғанына 120 жыл және Кәсіподақтар федерациясының құрылғанына 35 жыл толып отыр. Осы екі маңызды дата Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылымен» қатар келіп отыр. Осы жылдар аралығында еліміздің кәсіподақтары еңбекшілердің игілігі үшін белсенді жұмыс істеп, әлеуметтік және еңбек реформаларын іске асыруға үлес қосты және қосып келеді. Бүгінгі таңда кәсіптік одақтар түрлі салалардағы 2,5 миллионнан аса қызметкердің басын біріктіретін, елдегі ең үлкен қоғамдық бірлестікке айналған. Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, еліміздегі кәсіподақ қозғалысының тарихы ХХ ғасырдың басынан бастау алады. Қазіргі Қарағанды облысының аумағында 1905 жылы 6 желтоқсанда құрылған Успен мыс кеніші жұмыскерлерінің одағы ресми түрде елдегі алғашқы кәсіподақ ұйымы болып саналады. Кеңес одағы тұсында Қазақстан Республикасының барлық кәсіподақтарының қызметін 1948 жылы Бүкілодақтық Орталық Кәсіподақтар Кеңесінің XIX Пленумының қаулысы негізінде құрылған бірыңғай орталық орган – Қазақ кәсіподақтар кеңесі басқарған. 1990 жылы 10 қазанда Қазақстан кәсіподақтарының XIV съезінде Қазақ кәсіподақтар кеңесінің заңды мұрагері – Қазақ КСР кәсіподақтар федерациясының құрылуы туралы декларация қабылданды. Федерация – кәсіподақтардың іс-әрекеттерін біріктіру, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен мүдделерін білдіру және қорғау, кәсіподақтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуді өз қызметінің басты мақсаты ретінде белгілеп, мемлекеттік органдардан, жұмыс берушілерден және саяси партиялардан тәуелсіздігін жариялады. 1992 жылдың 3 наурызынан бастап Қазақ КСР Кәсіподақтар федерациясын Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы деп өзгерту туралы шешім қабылданды. Осы жылдар ішінде қоғам дамуы мен мемлекеттің қалыптасуында кәсіподақтар айтарлықтай ықпалды әрі ең пәрменді ұйым болған. Кеңес үкіметі кезінде елдегі жұмысшылардың 95 пайызы кәсіподақтарға мүше еді. Ол дәуір өтті, кетті. Қазір заман бөлек, талап ерекше. Кеңес үкіметі құлағаннан кейін барлық Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің кәсіподақтары секілді Қазақстанның кәсіподақтары да еліміз нарықтық экономикаға көшкенде талай қиыншылықтарды бастан өткерді, шектеу шаралары да жүргізілді. Кәсіподақтардың басты мақсаты – еңбек адамының құқықтарын қорғау. Бұл мәселедегі басым бағыттардың бірі – еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау. Біз үшін жұмысшының әрбір күні қауіпсіз өтуі, оның денсаулығы мен өмірінің қорғалуы – жай ғана міндет емес, ең жоғары құндылық болып саналады. Кәсіподақтардың бұл бағыттағы жұмысы ауқымды және көп деңгейлі. Біздің негізгі қызметіміз тек бақылаумен ғана шектелмейді. Оның мазмұнын толық ашатын бірнеше бағыт бар: жұмыс берушілермен келісімдер және ұжымдық шарттар. Кәсіподақтар ұжымдық шарттарды жасау барысында жұмыс берушілермен келіссөздер жүргізеді. Бұл шарттарға міндетті түрде еңбек қауіпсіздігіне қатысты маңызды тармақтар енгізіледі. Олардың қатарында: қауіпті және зиянды жағдайларда жұмыс істейтін қызметкерлер үшін қосымша төлемдер мен жеңілдіктер; арнайы киім, қорғаныс құралдары және тамақтануға қатысты нормалардың сақталуы; медициналық тексерулердің уақытылы өтуін қамтамасыз ету сияқты мәселелер қарастырылады. Бұл – әрбір жұмысшының қауіпсіздікке қатысты құқықтарының заң жүзінде бекітілуіне кепілдік береді. Кәсіподақтардың басты тетігі – қоғамдық техникалық инспекторлар институты. Бұл мамандарды кәсіподақ мүшелері өз ортасынан сайлайды. Олар өндірістегі қауіпсіздік ережелерінің сақталуын күнделікті қадағалап, жұмыс орнындағы кемшіліктер мен қауіпті жағдайларды дер кезінде анықтайды. Кәсіподақ инспекторларының анықтаған кемшіліктері бойынша жұмыс берушілерге ұсыныстар жіберіліп, олардың орындалуы бақылауға алынады. Құдай сақтасын, бірақ өндірісте жазатайым оқиғалар болып жатса, кәсіподақ өкілдері тергеу комиссиясының жұмысына міндетті түрде қатысады. Біздің мақсатымыз – жағдайдың объективті және әділ тергелуін қамтамасыз ету, себептерін анықтап, болашақта осындай қайғылы жағдайлардың алдын алуға ықпал ету. Сонымен қатар, кәсіподақтар зардап шеккен қызметкерге және оның отбасына заңды қолдау көрсетіп, әлеуметтік кепілдіктердің орындалуын бақылайды. Қазіргі заманда кәсіподақ қозғалысының әлемдік деңгейдегі өзектілігі артып келеді. Осы орайда, Қазақстанның кәсіподақтар Федерациясы (ҚРКФ) халықаралық аренадағы ықпалын нығайтып, еңбек адамының құқығын қорғаудағы беделін арттыруда. Бұл жетістіктердің басы-қасында тұрған ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Даулеталин халықаралық кәсіподақ қозғалысында белсенділік танытқан танымал тұлғаға айналды. Оның беделі мен кәсіби біліктілігінің арқасында Сатыбалды Даулеталин Түркі мемлекеттері кәсіподақтарының ұйымының Бас хатшысы лауазымына тағайындалды. Бұдан бөлек, ол Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының (МКП) Еуропа аймақтық кеңесінің (ВЕРС) вице-президенті болып сайланды. Бұл жетістіктер Қазақстан кәсіподақтарының халықаралық деңгейде мойындалып, жаһандық кәсіподақтар қауымдастығының маңызды бөлігіне айналғанын көрсетеді. 90 ұлттық кәсіподақ орталығын біріктіретін ірі ұйымның құрамында болуымыз және оның басшылық құрамында орын алуымыз — біздің еліміздегі еңбек құқықтары мен әлеуметтік келісімнің жоғары деңгейін танытады. Халықаралық ынтымақтастықтың артуы — қазақстандық кәсіподақ қозғалысының одан әрі дамуының сенімді кепілі. Осы орайда Қазақстан кәсіподақтары халықаралық серіктестікті кеңейтуге ерекше мән береді. Біз көрші елдердегі әріптестерімізбен бірлескен жобалар мен мәдени-гуманитарлық іс-шараларды жүзеге асырып, еңбекшілердің ортақ мүддесін қорғауда өзара қолдау көрсетеміз.  Сонымен қатар, 2025 жылғы 12-14 маусым аралығында Шымкент қаласының кәсіподақ орталығының делегациясы Соғды облысына ресми сапармен барып қайтты. Сапар барысында Қазақстан және Тәжікстан кәсіподақтары арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл келісім кәсіподақтар арасындағы тәжірибе алмасуды, еңбек құқықтарын қорғау бағытындағы ортақ жобаларды және мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге жол ашады. Делегация құрамында салалық кәсіподақ ұйымдарының өкілдері болды»,- деді ол.

        Кәсіподақ төрағасы әңгіме барысында жастардың жұмысшы мамандыққа деген қызығушылықтары әлі де төмен екенін жеткізді. «10 қазан ҚР Кәсіподақ федерациясының мерекесі. Соның аясында еңбек адамын ұлықтау, еңбек династиясын ұлықтауды жалғастырып жатырмыз. Жастарды еңбекқорлыққа және кәсіподаққа баулу осы бағыттарда үлкен жұмыстар жүргізілуде.  Еліміздегі «Еңбек кодексінде» кемшіліктер бар. Кейбір тармақтарына өзгерстер енгізуге ұсыныс жасап жатрымыз. Мысалы әйелдерді ауыр жұмыстан жеңіліне ауыстыру, ауыр жұмысқа төленетін айлықтың көбірек болуы, денсаулыққа зиян тигізетін жұмыс орындарын реттеу. Міне  осы мәселелер біздің жіті назарымызда. Еңбек адамына ең бірінші не керек: қауіпсіз еңбек, лайықты табыс, адал еңбек. «Неге жастар қарапайым жұмысшы мамандықтарды таңдамайды, қызығушылықтары неге төмен?» деген сұрақ мені де мазалайды. Бұрын ауылда баланы жастайынан еңбекке баулып өсіретін. Ал қазір ауылдардың саны азайып, қала тұрғындары көбеюде. Ауылдардың өзі қазір қалаға теңестірілетін жағдай жасалуда. Сол себепті ауылда да, қалада да еңбек ететін бала қалмай барады. Қазір балалардан «кім боласың?» десең «президент, министр, бастық боламын» дейді. Жастар арасында жұмысшы мамандықтарды таңдайтындары аз. Бұл біздің тәрбиеге көп көңіл бөлуімізді қажет екенін ағартады. Қазіргі таңда оқу орындарында  дуальды оқыту жүйесі жұмыс істейді. Жастарды еңбекке баулып тұрған жүйе осы болып тұр. Бұрынғы  кез-келген қызметкердің өмірбаянына үңілсеңіз барлығының қарапайым жұмысшыдан бастағанын байқайсыз. Себебі бұрын  төменгі жұмыстан бастамаған маманды жоғары басшылыққа жібермейтін. Ал қазір жастар бірден басшылыққа келе береді.  Бәлкім сол ескі тәжірибені, яғни сатылап өсу жүйесін қайта енгізгеніміз дұрыс шығар»,- деді ол.

       Кәсіподақ төрағасы мекеменің жас мамандарға ерекше қолдау білдіріп отырғанын айтады. «Кәсіподақтардың жұмысындағы ең басты және стратегиялық маңызды бағыттардың бірі – жастар саясаты. Біз үшін жастар – бұл тек келешек емес, бүгінгі күш-қуат, жаңа идеялар мен инновацияның қайнар көзі. Жастардың әлеуетін толыққанды іске асыру – еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуы үшін аса маңызды. Сондықтан, біздің ұйымдар жастардың қажеттіліктерін ескере отырып, оларға жан-жақты қолдау көрсетуді басты міндет етіп қойды. Кәсіподақтардың жастарға арналған жұмысы тек сөзбен емес, нақты іс-әрекеттермен жүзеге асады. Оның негізгі бағыттары мынадай: Құқықтық қорғау. Жас мамандар мен жұмысшылар көбіне өз құқықтарын жетік білмеуі мүмкін. Кәсіподақ заңгерлері оларға тегін кеңес беріп, адал еңбегінің бағалануына, еңбекақысының уақтылы төленуіне және еңбек қауіпсіздігі ережелерінің сақталуына кепілдік береді. Тәлімгерлік және кәсіби даму. Біз тәжірибелі еңбек ардагерлері мен жас мамандар арасындағы тәлімгерлік институттарын дамытуға ерекше назар аударамыз. Бұл жастарға мамандықтың қыр-сырын үйреніп қана қоймай, кәсіби өсудің нақты жолдарын табуға көмектеседі. Белсенділік алаңы. Кәсіподақ ұйымдарындағы Жастар кеңестері мен комитеттері жастардың өз ойларын еркін білдіруіне, жаңа жобаларды ұсынып, ұжымдық іс-шараларды ұйымдастыруына мүмкіндік береді. Бұл спорттық жарыстар, зияткерлік сайыстар немесе әлеуметтік жобалар болуы мүмкін. Әлеуметтік қолдау. Кәсіподақтар жас отбасыларға, әсіресе тұрғын үй мәселесінде, әлеуметтік қолдау шараларын ұсынып, олардың өмір сүру жағдайын жақсартуға үлес қосады. Кәсіподақ – бұл зейнеткерлер мен ардагерлердің ғана ұйымы емес, бұл әрбір жастың дауысы естілетін, құқығы қорғалатын сенімді одақ»,- дейді ол. 

      Шымкенттік кәсіподақ ұйымы тұрғындардың еңбек қауіпсіздігін қорғап қана қоймай, әлеуметтік тұрақтылықты арттыруға, қаржылық мәдениетті қалыптастыруға және қоғамда масылдықты жоюға, еңбек адамын ұлықтауға бағытталған жұмыстарды жалғастыра бермек.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шымкенттік ұстаздар медаль тағынды
  • Тағдырға мойымаған чемпион
  • Болашақ аспаздар мамандықтарын ұлықтады
  • Шымқаланың студенттері оқ бойы озық шықты
  • Ағаштарға күтім жасау - оның сүйікті ісі
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер