Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Әлтеев қаладағы №34 Ю.А. Гагарин атындағы орта мектепке арнайы барып, оқушылармен кездесу ұйымдастырды. Бұл кездесудің негізгі мақсаты – қаламызда ашылған «Заң үйірмесі» аясында жоғары сынып оқушыларымен еңбек құқығы, мамандық таңдау және заң бұзушылықтың алдын алу тақырыптарында сұхбат жүргізу болды.
Бауыржан Ілімшеұлы өз сөзінде еңбекке араласудың алғашқы қадамдары мен болашақ мамандықтың маңыздылығына тоқталды. Ол жастарға кәсіподақтардың еңбек адамының құқығын қалай қорғайтынын, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы қарым-қатынастың заңды негіздерін түсіндіріп берді. «Кез-келген басшы, кез-келген қызметкер жұмыста сатылап өсуі тиіс. Яғни еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастаған маманның болашағы жарқын болмақ»,- деді ол өз сөзінде.
Төраға жастарға өз қабілеті мен талғамына сай мамандық таңдаудың маңыздылығын айтып, қоғамдағы жұмысшы мамандықтарына деген сұраныстың артып келе жатқанына ерекше тоқталды. Ол әрбір мамандықтың қоғам дамуына қосатын үлесі зор екенін айтып, оқушыларды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға баса назар аударуға шақырды. Жұмысшы мамандар – ел болашағы, экономикамыздың тірегі екенін алға тартты. Сондай-ақ қазіргі таңда колледждерде дуальды оқыту жүйесінің бар екенін, яғни болашақ мамандардың тәжірибе жинауына мол мүмкіндік қарастырылғанын да тілге тиек етті. Сонымен қатар болашақ түрлі мамандық иелеріне әрбір жас маман еңбек келісімшартының шарттарын, жұмыс уақытын, демалыс пен еңбекақы төлеу тәртібін білуі керек екенін түсіндірді. Кәсіподақтар осы мәселелер бойынша консультация беріп, заң бұзушылықтар орын алған жағдайда құқықтық көмек көрсететінін жеткізді.
Бауыржан Әлтеев құқықтық сауаттылықтың маңызын айта келе, кәсіподақтардың еңбек дауларын сотқа дейін шешудегі медиаторлық рөлін атап өтті. Бұл тәсілдер еңбек қатынастарындағы келіспеушіліктерді тез әрі тиімді шешуге мүмкіндік береді.
Кездесу соңында оқушылар төрағаға сұрақтар қойып, өз ойларымен бөлісті. Олар кәсіподақтың еңбек құқығын қорғауға және жастарға кәсіби бағдар беруге қосқан үлесі үшін алғыстарын білдірді.
Бұл кездесу жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, болашаққа сеніммен қарауға және еңбекке деген құрметін оятуға, жұмысшы мамандықтарға деген қызығушылықтарын арттыруға зор ықпал етті.
Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы мұндай кездесулерді жыл соңына дейін жалғастыруды көздеп отыр.