Шымкенттің дәл жүрегінде жап-жасыл мекен бар. Бұл – Асанбай Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы. Қала қонақтары мен тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналған саябақ - Шымқаланың өкпесі саналады. Кезінде күл-қоқыс тасталған адыр аймақ бүгінде жасыл желекке бөленген әсем орынға айналды. Әрине саябақтың бүгінгі кейіпке енуі жолында талай жан еңбек етіп, тер төккені мәлім. Бүгін де бұл жасыл мекенде қаншама еңбек адамы қызмет етіп жүр. Соның бірі - Ахат Абай Кендебайұлы. Ол табиғаттың тынысын сақтап, жасыл желекті күтіп-баптаумен айналысады. Бұл — оның табиғатқа деген махаббатының, елге деген адалдығының көрінісі.
«Менің жұмысым – қала тұрғындарына, қонақтарға, дендросаябаққа келушілерге қолайлы, таза әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Күн сайын саябақтың тазалығы, жасыл желектердің күтімі, ағаштардың уақытылы суғарылуы, топырақтың қопсытылуы сынды жұмыстарды қадағалап отырамын. Сонымен қатар, абаттандыру бағытындағы жұмыстар – орындықтарды жөндеу, жол жиегін ретке келтіру сияқты міндеттер де менің бақылауымда. Себебі саябақ – жай ғана табиғи кеңістік емес, бұл – қала тұрғындарының демалатын, серуендейтін, тынығатын рухани ортасы. Сол үшін барынша жауапкершілікпен, махаббатпен жұмыс істеймін. Дендросаябақ аумағында тазалық жұмыстары ерекше назарға алынған. Саябақ аумағында тазалық жұмыстары күнделікті жүргізіледі. Сонымен қатар, қураған ағаштарға санитарлық қырқу жұмыстары жүргізілініп, мәдени баулар, жүзім бақтары қайта қалпына келтіріліп тұрады»,- деген кейіпкеріміз, бұл қызметтің үлкен жауапкершілігі бар екенін айтады.
«Шымкенттегі Денросаябақ еліміздегі ең алғашқы дендросаябақ болып табылады. Денросаябақ әлемнің түпкір-түпкірінен жинақталған ағаштарға бай. Көктерек, балқарағай, самырсын, магнолия және тағы басқа көптеген ағаштардың көшеттері егіліп, 200-ден астам өсімдік өсірілген.Дендросаябақ аумағында қылқанжапырақты ағаштардың 15-тен астам түрі өседі. Соның бірі — биік те көркем ҚАРАҒАЙ. Кәдімгі қарағай – табиғаттың төзімді туындысы. Жасыл желек, биік бой, таза ауа — бәрі осы ағаштан басталады. Дендросаябақта өсіп тұрған әр қарағай – жылдар тарихының куәсі. Осы секілді саябақта сирек кездесетін, ертеректе егілген көне ағаштар бар. Оларға күтім жасау – тарихты сақтағанмен тең. Сондықтан мен мұндағы әрбір ағашқа, әрбір өсімдікке ерекше күтім жасауға тырысамын және осындай қызметті маған сеніп тапсырған жандарға да айтар алғысым шексіз»,- дейді ол.
Өз ісінен ләззат алатын жауапты да, адал еңбек адамдары қашанда құрметке лайықты!