Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Астанада алғаш рет техникалық және кәсіптік ұйымдардың студенттері арасында «Astaufest-2025» VI Халықаралық гастрономиялық фестивалі өтті.
Фестивальге алыс-жақын шетелдерден 45-тен астам оқу орны қатысып, бақ сынады. Үш күнге созылатын шараға 230-дан астам студент, педагог және өндірістік оқыту шеберлері жиналып, тәжірибе мен идеялар алмасу алаңына айналды. Болашақ аспаздар мен кулинарлар әлемнің түрлі дәмдерін әзірлеп, мәдениеттерін таныстыруда.
Айта кетерлігі, фестиваль аясында қоғамдық тамақтану және сервис колледжі базасында Кондитерлік академия ашылады.
«Бұл фестиваль гастрономия саласында бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға, техникалық және кәсіптік білім беруге заманауи стандарттар мен талаптарды енгізуге мүмкіндік береді. Студенттер бір-бірімен тәжірибе алмасып қана қоймай, өздерінің авторлық жобаларын қорғайды, кулинарлық гастрономия саласындағы инновациялармен танысады», – дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетов.
Қатысушылардың кәсіби шеберлігін Қазақстанмен қатар, Гонконг, Үндістан, Франция, Түркия, Швейцария, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейден келген 13 сарапшы бағалады.
Халықаралық Гастрономиялық Фестиваліне Шымкент қаласындағы Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжі 9 номинация бойынша қатысып, командалық есепте І орынды иеленді. Өңіріміздің намысын қорғаған команда 1 Бас жүлде, 7 бірінші орын, 1 екінші орынды қанжығасына байлады. 2 қазан - техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру қызметкерлері мерекесіне орай келген бұл жеңіс Шымкент қаласының абыройын асқақтатты.
«Astaufest-2025» – кәсіби мамандар мен студенттер үшін таланттарын шыңдап, әлемдік гастрономияның үздік тәжірибелерін меңгеру үшін тамаша мүмкіндік.
90 жылға жуық тарихы бар Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты "Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжі" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны қазіргі таңда нан, макарон және кондитер өндірісі, тамақтандыруды ұйымдстыру, маркетинг, тамақтандыру саласында қызмет көрсету, ұйымдастыру сынды маңызды мамандықтар бойынша кадрлар даярлап келеді. Колледждің тарихы сонау 1936 жылдан бастау алады. Тарихы тереңде жатқан мекеме 2021 жылы «Жас маман» жобасына енген оқу орындарының бірі. Осының нәтижесінде оқу ордасы бірқатар қажетті лабораториялық жабдықтармен толыққан. Бастысы осында кәсіптік мамандықтарды игеріп жатқан студенттер үшін үлкен теориялық дәрістер мен практикалық сабақтарды өтуге арналған арнайы кабинеттер қарастырылған. Сондықтан мұнда аспаздық және кондитерлік іске қатысты тетіктерден бастап тамақтану саласында қызмет көрсету яғни, мейрамханалар сұранысына сай келетін маңызды мамандықтарды студенттер жан-жақты меңгеріп шыға алады.