Ақ Орда төрінде күні кеше Мемлекет басшысы еліміздің білім беру саласына қосқан елеулі үлесі мен жас ұрпақ тәрбиесіндегі зор еңбегі үшін бірқатар ұстаздарды мемлекеттік наградалармен марапаттады. Президент өз сөзінде мұғалімдердің кәсіби мерекесі елімізде ерекше аталып өтетінін жеткізіп, ұстаздар қауымына зор құрмет көрсетілетінін айтты.
«Міржақып Дулатұлы "Халыққа ең пайдалы адам – мұғалім" деген. Мұғалім – әр азамат үшін өте қадірлі тұлға. Басқа сөзбен айтқанда, мұғалім – әрбір балаға өмір жолын көрсетеді. Ұстаз – тәлім-тәрбие мен білімнің қайнар көзі. Кез келген қоғамның кемелдігі, өркениеттілігі ұстазға деген қатынасымен өлшенеді. Ұстазын ұлықтаған елдің ұрпағы саналы, болашағы жарқын болары хақ. Себебі әр мұғалімнің еңбегі – ерен, еліміздің дамуына қосқан үлесі – орасан. Сондықтан бүгін мен білім беру саласында еңбек етіп жүрген барша азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы озық ойлы ұлт болу үшін ең алдымен, білім-ғылымның дамуына баса мән беруіміз керек деп санайды.
– Соңғы бес жылда елімізде осы бағытта көп жұмыс істелді. Білім саласына бөлінетін қаржы үш есе артты. 1200 жаңа мектеп ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осы жоба бойынша заман талабына сай 150 білім ошағы салынды. Сондай-ақ осындай 67 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Балалардың сапалы білім алуына қажетті барлық жағдай жасалуда. Бұл деректі халық білуі керек, себебі мемлекет жас ұрпақтың біліміне және ұстаздардың жағдайына баса назар аударып жатыр. Біз педагогтердің мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін нақты шараларды қолға алдық. Арнайы заң қабылдадық. Бүгінде ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті, – деді Президент.
Міне, осы айтулы іс-шарада үшінші мегаполис ұстаздарының да мерейі үстем болып, Президенттің қолынан марапат алды.
Ұстаздар күніне орай Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен "Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің оқытушысы Алтынбаева Анна Валерьевна және М.Х.Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназияның биология пәні мұғалімі Юлия Антоновна Киселёва «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Осы мәртебелі сәтте Шымкент қаласы, Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлмира Шералхан Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы шешімімен «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болды.
Бұл марапат – ұстаздың көп жылғы табанды еңбегі, жоғары кәсібилігі мен білім беру саласына қосқан зор үлесінің айқын дәлелі. Ұстаздарымыздың марапаты барша әріптестерімізге үлгі болып, кәсіби шеберлікті шыңдауға шабыт береді.