Шымкент қалалық білім басқармасының ұйымдастыруымен Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінде «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Жеңіл өнеркәсіп мамандарын даярлаудың инновациялық әдістері» тақырыбында республикалық семинар өткізілді.
Семинар Шымкент қаласы әкімдігінің 2024 жылдың 23 желтоқсанындағы №6676 қаулысымен бекітілген «Жұмысшы мамандықтар жылын» өткізу жөніндегі өңірлік жұмыс жоспарына сәйкес өткізіліп, жеңіл өнеркәсіп саласындағы техникалық және кәсіптік білім берудегі өзекті мәселелер талқыланып, республикалық және халықаралық тәжірибе бөлісу алаңына айналды.
Аталған шараға ҚР Оқу-ағарту министрлігі жанындағы «Talap» КеАҚ, қалалық білім басқармасы, қалалық әдістемелік орталығы, сондай-ақ Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарының өкілдері қатысты.
Семинардың екінші бөлігінде қаладағы арнайы экономикалық аймақта орналасқан базада тәжірибелі мамандар шеберлік -сыныптарын өткізіп, жастардың кәсіби болашағын айқындайтын, жастарды еңбекке баулу, кәсіби бағыт беру болып табылатын басты міндеттерді айқындап берді.
Атап өтетін жәйт, аталған колледжде инклюзивті білім беру (есту қабілеті бұзылған ІІ топтағы мүгедек балалар үшін) жүйесі сәтті жүзеге асырылуда.
Семинар соңында «Оңтүстік» АҚ басқарма төрағасының орынбасары М. Кушеров өңірлік жеңіл өнеркәсіп құзыреттілік орталығының жұмысының, дуальды оқыту жүйесінің және кәсіпорындардың өтінімдері бойынша мақсатты оқытудың тиімділігін баяндады.
Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі – Шымкент қаласында жеңіл өнеркәсіп саласына мамандар даярлайтын базалық оқу орны болып табылады. 2017 жылы оқу орны “Үздік колледж” номинациясын жеңіп алған. Қазіргі таңда оқу процесі үш корпус бойынша жүргізіледі. Барлық ғимараттар санитарлық талаптарға сай жабдықталған және 558 орындық оқу кабинеттері бар. Колледжде 9 оқу шеберханасы мен 10 құзыреттілік орталығы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Студенттер 2014 жылдан бері дуальды оқыту жүйесі бойынша білім алуда, оның 40 пайызы – теориялық, 60 пайызы – өндірістік тәжірибе. Қазіргі кезде 527 студент дуальды жүйеде білім алуда. Сонымен қатар, колледж Шымкент қаласының 35 кәсіпорнымен серіктестік орнатып, түлектердің еңбек нарығына тікелей шығуына мүмкіндік беріп отыр.