2025 жылдың Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялануы – қоғамдағы адал еңбек иелеріне деген құрметтің артуы деп білемін. Бұл – қолымен істеп, жүрегімен жұмыс жасайтын мамандардың абыройын арттыратын жыл. Солардың бірі – тігінші мамандығы. Тігінші – матаға жан бітіріп, сән мен сапаны үндестіре білетін шебер. Қарапайым матадан киім, көрпе, перде секілді тұрмысқа қажетті бұйымдар дайындайды. Оның қолынан шыққан әр туынды – ұқыптылықтың, сабырдың және талғамның жемісі. Тігіншілік – тек кәсіп қана емес, ол – ұлттың болмысы мен дәстүрін де сақтайтын сала. Қазақтың оюлы камзолы мен зерлі шапаны, қазіргі заманғы сәнді киімдер – бәрі де тігіншінің қолынан туады. Жұмысшы мамандықтар ішінде тігінші кәсібі – нәзіктік пен төзімділікті қажет ететін ерекше бағыт. Бұл кәсіппен айналысатын жандар – сән әлемінің үнсіз шеберлері.
Жұмысшы мамандықтарының бірі - тігінші мамандығы қазіргі таңда сұранысқа ие әрі маңызды кәсіптердің бірі. Қазіргі таңда тігін өндірісі тек дәстүрлі қолөнер ғана емес, сонымен қатар заманауи технологиялармен ұштасқан инновациялық салаға айналып отыр. Міне, осы маңызды мамандарды Шымкентте «Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі» талай жылдан бері даярлап келеді. Колледжі студенттерінің бағындырған белестері де аза емес.
Жақында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Тараз қаласында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының «Сән технологиясы», «Киім дизайны», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандықтары бойынша білім алатын студенттері арасында «Mamandyq Fest» халықаралық байқауы өтті.
Байқауға Қазақстанның түрлі аймақтарынан және шетелдік әріптестер арасынан барлығы 24 қатысушы қатысты. Шараның негізгі мақсаты – қазіргі қоғамда «Еңбек адамы» бейнесін қалыптастыру және кәсіби ынтымақтастықты дамыту.
Аталған додада Шымкент қаласындағы «Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің» студенті Мұхтарқызы Алтынай жүлделі орынға ие болып, «Заманауи киімде ұлттық дәстүрді сақтағаны үшін» номинациясы бойынша дипломмен марапатталды.
Айта кету керек, колледж студенттері халықаралық аренада да үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Олар WorldSkills, EuroSkills және Abilympics чемпионаттарының жеңімпаздары атанып, 2024 жылы Франциямен бірлесіп халықаралық салалық аккредитациядан өткен. Түркиядағы колледждер және "Денизли" индустриялық аймағымен серіктестік байланыстар орнатылған. Бүгінде студенттердің 10 стартап жобасы жүзеге асырылып, оған 40-қа жуық жас қатысуда. Арнайы білім беру қажеттіліктері бар студенттер де Abilympics чемпионаттарында жүлделі орындарға ие болып жүр.
Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінен «Сән-технологиясы» құзіреттілігі бойынша Лион қаласындағы халықаралық «WorldSkills -2024» чемпионатына «WorldSkills Kazakhstan -2022» Ұлттық чемпионатының І орын иегері – Әйгерім Русланқызы Досова қатысқан болатын. Әлемдік додада үздіктер қатарынан көрінген Әйгерім Досова «Сән-технологиясы» құзіреттілігі бойынша медальон жеңіп алып, жоғары көрсеткішке ие болып, топ жарды.