Өндіріс нысандарда өз ісіне адал мамандар өте көп. Олардың қажырлы еңбегінің арқасында өндірістік процесс үздіксіз жүреді. Сондай мамандардың бірі — Гүлмира Мұханова. Ол бүгінгі еңбек нарығында табыла бермейтін, аса бағалы мамандық иесі. Инженер-технолог бүгінде Шымкент қаласындағы маңдайалды зауыттардың бірі - «Барыс 2007» мекемесінде еңбек етіп жүр.
Кейіпкеріміз бұл мамандықты Ресейдің Кемерова қаласында жоғары оқу орнында алып шыққан. Оқуды тәмамдаған соң өз мамандығы бойынша еңбек жолын бастап, зауыттарда қызмет атқарады. Макарон өндірісінде жалпы 34 жылдық тәжірибесі бар білікті, өндірісте ысылып, мол тәжірибе жинаған әккі маман. Гүлмира Мұханова ұжым арасындағы абырой-беделін адал жүріп, ақ сөйлеп, маңдай терімен тапқан несібенің нәтижесі деп ұғады.
Бүгінде инженер-технолог, өндіріс меңгерушісі секілді еңбек баспалдақтарынан өткен. Өзінің білімі мен біліктілігі, ұстамдылығы мен жауапкершілігі, еңбекқорлығының арқасында инженер-технологтан директордың орынбасары қызметіне дейін көтерілген. «Макарон өнімдерін өндіру саласында отыз жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келемін. Қазіргі зауыттағы міндетім кәсіпорынның жалпы жұмыс жоспарын дайындау және оның орындалауын қадағалау. Яғни қандай макарон өнімдерін шығару керек, дайын өнімдерді жүк көліктеріне тиеу уақыты оның тұтынушыға уақытылы жеткізу секілді жұмыстарға жауап беремін. Біздің зауыт сапалы макарон өнімдері мен печеньелер шығарады. Зауыт толықтай италиялық аппараттармен жабдықталған. Біздің өнімдеріміздің басты ерекшелігі біз вакуум технологиясын қолданамыз. Соның арқасында өнімдердің сапасы жоғары болады, яғни пісірген кезде езілмейді және сақтау мерзімі ұзақ болады. Тағы бір ерекшелігіміз жоғары техноолгияның арқасында өнімдеріміз қысқа мерзімде дайын болады. Мысалы спагетти секілді ұзын макарон өнімдері 6 сағатта дайын болса, басқа түрлері 2 сағатта дайын болады. Ал бұрын мұндай заманауи технология жоқ кезде макарон өнімдері 8-12 сағат ішінде дайын болатын. Тәтті өнімдеріміз өзіміздің мамандардың дайындаған рецепі бойынша пісіріледі. Жалпы өнімдерімізді Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан секілді көрші мемлекеттерге және Солтүстік Қазақстанға экспорттаймыз»,- дейді кейіпкеріміз.
Жұмыс тәжірибесі мол маман зауытқа келген жас мамандарды өзіміз қамқорлыққа алып, үйретеміз дейді. «Біз қаладағы бірнеше колледждермен келісімшартқа отырғанбыз. Ай сайын сол оқу орындарынан студенттер келіп, осында тәжірибе жинап, жұмыс істеп көреді. 10 студенттің кемінде 4-5-еуін кейін тұрақты жұмысқа алып қаламыз. Яғни жас мамандарды өзіміз үйретіп, баулимыз»,- дейді Гүлмира Мұханова.
Табыс пен тұрмыстың тұғыры – еңбек. 34 жыл ғұмырын өндіріске арнаған Гүлмира Мұханова сынды жандардың қажыр-қайраты, білік-білімі жұртымызды қашанда мұратқа жеткізері хақ!